Абай облысында қала көшелері көктайғақ

Абай облысында ауа райы мың құбылып, өңір жұртын әбден әуре-сарсаңға салды.

Семейде қардың соңы жаңбырға ұласып, бүкіл қала аумағы құдды мұз айдынға айналғандай. Бүгін аяз қаһарына қайта мінді. Ал Үржар ауданында екі метрге жуық қар жауған.

Семей тұрғыны Алмагүл Мұқатаева көктайғақта жығылмас үшін қалалықтарға осындай лайфхак ұсынды. «Ас үйде пайдаланатын кәдімгі ыдыс қырғышты аяқ киіміңізге тағып алсаңыз, сізге ешқандай қауіп жоқ», - дейді ол.

Алмагүл Мұқатаева, қала тұрғыны:

 - Мынаны ашып аяғымызға киіп, әуелі тексеріп алдық. Адамдар құлай ма, құламай ма деп. Өзіміз кеше жұмысқа әрең келдік. Тұрғындар таймасын деп сатып жатырмыз. Мұның игілігін өзіміз ғана емес, халық та көрсін деген оймен. 

Оксана Попкова, қала тұрғыны:

- Мына ыдыс қырғыш құрал жақсы болды. Мұз үстінде былқ етпей жүресің. Кеше күні бойы осыны аяғыма тағып алдым. Басқа амалымыз жоқ. Қалада құм себу жұмысы дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ. Көшеде жүру мүмкін емес.

Семейліктер көктайғақтан шаршаса, Үржар тұрғындары тынбастан жауған қардан зәрәзап болған. Ауданның кейбір аумағында қардың қалыңдығы тіпті екі метрге дейін жеткен. «Казгидрометтің» Шығыс Қазақстан облыстық филиалының хабарлауынша, өңірде бір күнде 52 сантиметр ақ ұлпа түскен.

Өңірдегі ауа райының күрт құбылуы жануарларға да әсер еткендей. Семейдегі биологиялық орталықтың мамандары мұндағы аюлардың жылдағыдан тым ерте оянып алғанын айтты. 

Дарья Вощакина, биологиялық бөлім басшысы:

- Олар күн жылығасын көктем келді деп ойлап қалған секілді. Кеше апандарынан шықты. Қос аю ұйқыға жатпайтын болса, тамақтандыруға тура келеді. Бұл – биологиялық орталықтағы алғашқы жағдай емес, олар былтыр да осылай оянып алған болатын. 

Күн райының қолайсыздығы коммуналдық қызмет мамандары мен жолшыларға да тыным таптырар емес. Семейде қар тазалау жұмысы екі ауысыммен жүргізілуде. Бұған жүзге жуық техника тартылған. Ал өңірлік жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері республикалық және маңыздағы жолдар 80 рет жабылған. Полиция департаменті қызметкерлері қарға батқан көліктерге 27 мәрте жол нұсқаған.