Қазақстанға ДДСҰ өкілдері «QazVac»-ты зерттеуге келеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері «QazVac»-ты зерттеу үшін Қазақстанға келеді.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ведомствоның қорытынды алқа мәжілісінде мәлімдеді. Оның айтуынша,  ұйымының арнайы миссиясы сәуір айында келіп, отандық вакцинаны тіркеумен байланысты тексерулер жүргізеді. Бұл жұмыстар бірнеше сатыда өтеді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазақстандық вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық ұйымында тіркеу жұмыстары қазір жалғасып жатыр. Былтыр осы ДДҰ өкілдері, мамандары мен сарапшылары онлайн режимде әр түрлі құжаттарымызды сұрап, тексерген болатын. Енді биылдың өзінде сол ұйымнан арнайы миссия келіп, біздің вакцинаның қалай шығарылып жатқанын, зауытымыздың халықаралық стандарттарға сәйкестігін, дүниежүзінің халқына қолдануға жарамдылығын тексереді.