Тараз тұрғындары 10 күннен бері байланыссыз қалды

Таразда мыңдаған тұрғын түрменің кесірінен 10 күннен бері байланыссыз қалды. Бұрыл алқабындағы 8 көшенің халқы интернетті былай қойғанда, ұялы байланысқа жарымай қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жағдайды түзету мекемесінде орнатылған бұғаттау құрылғысымен байланыстырады. Жақындарымен байланысы үзіліп, «қиналғанда жедел-жәрдем де шақыра алмадық» деген көпшілік түрмені көшіруді талап етіп отыр.

Бұрылдының жұрты түзету мекемесі алдын торуды жиі әдетке айналдырған. Қызықтау үшін емес, байланыссыз қалып қиналғаннан. Бұрын ұялы байланысы бірнеше күнге өшсе, бұл жолы телефон желісі апталап жоғалған. Ашынған халық бүгін мекемеге айқай салып келді.

Мерей Бает, тілші:                             

- Қала аумағындағы нөмірі 59 мына түзету мекемесі жағалай орналасқан Бұрыл алқабын толықтай байланыссыз қалдырып отыр. Тұрғындардың айтуынша, мәселе соңғы 10 күнде өршіп кеткен. Себебі түрме басшылығы байланысты бұғаттауға арналған жаңа қондырғы орнатыпты. Салдарынан халық зардап шегуде.

-10 күн болды байланыс жоқ. Ешкіммен хабарласа алмаймыз. Балалар сабақ оқи алмайды.

- 2 жасар қызымда 40 градус температура болды, соған біз жедел-жәрдем шақыра алмадық. Өйткені ол үшін біз анау Гамалеяға шығуымыз керек.

Желілік байланыстың болмауы оқушыларға қиын. Мұғалімдер электронды журнал толтыра алмайды, балалар үй тапсырмасын орындай алмай әлек. Жиналған көп жолдың арғы бетіндегі көрші колониядан қорқатындықтарын да жасырмайды.

Толқынай Болтаева, қала тұрғыны:

- Терезеден айқайлап, былай өткен-кеткен адамдарға ысқырады, айқайлайды. Беттеріне қарауға қорқамыз. Балаларымыз да қорқады. Түрменің қасындамыз.

Тұрғындар көпке кесірі тиетін түзету мекемесін көшіруді талап етуде. Себебі қауіпті қылмыскерлер отырған ғимарат тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Бұған кім жол берді, - деген заңды сауал туындайды. Жауабын іздеп, әкімдікке бардық. Әкім орынбасарының сөзінше, түрме ғимараты өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері болған. Бірақ басқа бағытта пайдаланылған. 2000-шы жылдардың басында ғана қылмыстық атқару жүйесінің балансына беру туралы шешім шығыпты.

Бақдәулет Сариев, қала әкімінің орынбасары:

- Біріншіден, 1992 жылдан бастап жер кезегіне сәйкес тұрғындарға жер беріле бастаған. Аталған мекеме 2004 жылдан бастап Тараз қаласының аумағында. 2004-тен бастап, яғни оған дейін біздің тұрғындар жер алып, өздерінің үйлерін соғып қойған болатын.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мұндай қондырғылар еліміздің барлық түзеу мекемелеріне орнатыла бастағанын айтады. Бұл тізімде Тараздағы 5 түрме бар. Айта кетер ақпар, №59 түзету мекемесінде 840-тан аса сотталған жазасын өтеуде. Өткен жылы тәртіп сақшылары түрме ішінен 79 телефон тапқан. Тағы 360-ы әртүрлі жолмен кіргізу кезінде тәркіленді.

Еркін Нұрбаев, облыстық ҚАЖД бастығының орынбасары:

- Іштен арнайы контингент арасынан әртүрлі деңгейдегі қылмыс көздері ашылып жатыр. Әртүрлі алаяқтық фактілер орын алып жатыр. Соның бәрін болдырмау үшін іштегі сотталғандарға арналған байланыс құралдарының барлығын басу болып табылады. Технология дамып жатыр. 4G, 5G деген шығып жатыр. Соған арналған. Құрылғылардың бәрі арнайы мемлекет басшысымен құзырлы органдардың басшысымен жасалған бағдарлама. Оны орындауға біз міндеттіміз.

Ұялы байланысқа жауапты инспекция бұған дейін «бәрі жақсы» деп есеп берген. Бірақ халықтың шағымынан соң, бұл тұрғын үй алқабын қайта зерделеуге тура келеді. Түрме басшылығы мен әкімдік мәселені халықпен кеңесе отырып, 2 аптада шешуге уәде берді.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан Руслан Ахатіллә.