Петропавлда ескі мылтық табылды

Петропавл қаласының тұрғыны полицияға өте сирек кездесетін көне мылтықты тапсырды.

Қазір криминалистер қаруды сараптамадан өткізіп жатыр.

Петропавл қаласының 58 жастағы тұрғыны Вадим Бондарь гаражын жинап жүріп шаң басқан қапшыққа тап болды. Ашып қараса, ішіне қос ұңғылы мылтық оралған екен.

Вадим Бондарь, қала тұрғыны:

- Қару жақсы сақталған. Бірақ тіркелмеген екен. Өзім аңшымын, тәртіпке бағынамын. Сондықтан ондай мылтықтың қажеті жоқ деп, полицияға тапсырдым.

Бұл - бельгиялық «Bayard» фирмасының сирек кездесетін аңшы мылтығы. Жазуына қарағанда, 1893 – 98 жылдар аралығында шығарылған. Полиция қызметкерлері оны тексеріп, кейін музейге тапсырады. 

Мейрам Шәрішев, қалалық ПБ бөлімше басшысы:

- Қару немесе оқ - дәрі табылған жағдайда «102» нөміріне хабарлау керек. Оны ерікті түрде тапсырған адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады.

Еш жерде тіркелмеген қару қауіпті, әрі заңсыз. Былтыр солтүстікқазақстандықтардың қолынан 130-ға жуық атыс қаруы жиналды.