Өскеменде заңсыз арақ өндірген 3 ірі цех жабылды

Ол кәсіпорындар қала аумағында жұмыс жасаған. Бұл көлеңкелі бинзесті жолға қою дерегін Мемлекеттік кірістер және экономикалық тергеу департаментінің өңірлік қызметкерлері анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәйкесінше 4 қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында заңсыз айналымға қолдан жасалған акциздік маркамен шыққалы тұрған 30 мың дана спирттік өнім тәркіленді. Олар заңсыз өндірілген тауарларды қала және облыс аумағындағы сауда нүктелеріне өткізген. Қаржы министрлігінің мәліметінше, өткен жылы елімізде 783 мың дана контрафактілік арақ тәркіленген. Бұл 800 мың литр. Онымен 10 теміржол цистернасын толтыруға болады екен.

Еркебұлан Мусин, ШҚО ЭТД 2-тергеу басқармасының басшысы:

- Бұл цехтарда антисанитариялық жағдайда суррогаттық алкоголь өнімдері дайындалып, кейіннен Өскемен қаласы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда орындарында өткізіліп отырған. 4 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, сотқа жолданды. Кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.