Елімізде «Жастарға кеңес» жобасы іске қосылды

Жаңа бастама жастардың баспана алу, емделу, кәсіп ашу, жұмысқа орналасу сияқты мәселелерін шешуге бағытталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жастарға өздерін толғандырған сұрақтар бойынша әртүрлі саланың білікті мамандары тегін кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетеді. Мобильді кеңес беру пункттері ірі сауда үйлері мен моноқалаларда жұмыс істейтін болады. Қолжетімді болуы үшін тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерге де барады. Бұл іс-шара аптасына 2 рет тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жобаны «AMANAT» партиясының жастар қанаты қолға алып отыр.

Нұржан Жетпісбаев, «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 100 мың жас азаматты жұмысқа орналастыру бастамасын қолдау арқылы өзіміздің жаңа жобаны қосып отырмыз. Бүгінгі шараның ең негізгі мақсаты – бұл жастарға қажетті кеңесті беру, қажет болса, сол жерде лезде жастарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жасау, қандай да бір жаңа қабілеттерін арттыруға, жаңа білім көздерін ашуға, жастарымызға сол жердегі ресурстарымызды көрсету.