Жаңаөзенде оқушылар шығармашылығы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді

Құны 1 млрд теңгелік жобаға қос меценат демеушілік жасаған.

Қайта жаңғырған орталықта 1900 оқушы тәлім алады. Соның ішінде сөйлеу қабілеті бұзылған балаларды логопед-дефектолог мамандар тегін қарайды. Ата-аналар бұған дейін перзентін басқа қалаға апаруға мәжбүр болған. 

Сөйлеу қабілеті нашар балаларға сабақ осы кабинетте өтеді. Инклюзивті сынып 2019 жылы ашылған. Мамандар бүгінге дейін 50-ден аса бүлдіршіннің тілінің шығуына көмектескен. Қазір 12 баламен жұмыс істеп жатыр. Ғимаратқа толық жөндеу жасалған соң, сынып іші кеңейген. «Таяу күндері мектеп жасына дейінгі тағы бірнеше сәбиді қабылдаймыз», - дейді мамандар.  

Айғаным Қозыбақарова, логопед-дефектолог:

- Бұл орталықта әртүрлі диагноздағы 6 баладан бастап 18 балаға дейін қамтылады. Ең бастысы, бұл жерге барлық бала тегін түрде қатысады. Оларға психологиялық көмек көрсетіледі. Ата-аналар бұған дейін мұндай мамандарды басқа қаладан іздейтін.

Феруза Теміршиева, қала тұрғыны:

- Емдетіп жүргеніме бір жылдан асып кетті. Нәтиже бар. Тұтықпасы басылды. Баламды Астанаға, Ақтау немесе басқа жерге емдететін едім. Осы жерде әртүрлі үйірмелердің ашылғаны бізді қуантып отыр. 

Ізденімпаз оқушылар сабақтан бос уақытын робототехника үйірмесінде өткізеді. Тау-кен саласына арналған бірнеше машинаның шағын нұсқасын бірлесе құрастырған. Жоба бойынша кәсіпорын ашық далада орналасуына қарай, күн мен желден қуат алатын қондырғылармен жабдықтаған. Бұл жұмысы былтыр өткен облыстық сайыста жоғары бағаланды.

Қанат Жайылғанов, оқушы:

- Біз оған 1 ай шамасында мықты дайындалдық және 3-ші орын алған болатынбыз. Бұл роботтар үлкен нарыққа шығуы мүмкін. Мүмкін бір фабрика не мекемеде қызмет атқарып қалуы мүмкін.

Жаңаөзендегі оқушылар шығармашылығы үйі 40 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді. Күрделі жөндеу жұмыстары бір жылда аяқталды. Игі жобаға жергілікті екі кәсіпкер 500 млн теңгеден инвестиция құйған. Нәтижесінде озық үлгідегі спорт залы пайда болды. Қолөнер, тігін, домбыра, көркем гимнастика үйірмесі ашылды. Бұл жерде 90 педагог жұмыс істейді.

Жұмабике Жаманова, Оқушылар шығармашылығы үйінің директоры:

- Қазіргі таңда жеткілікті болғанмен, бізге тағы қосымша мамандар керек болады. Бұл, музыкалық жанрдан вокал, хор, хореография, фото-видео студия деген сияқты, болашақ журналистикаға бағыттайтын сондай мамандар бізге қажет. Кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттаймыз ғой, сол бағытта теріні илеу жұмыстарына біз көп мән бергіміз келеді. 

Мамандардың ендігі жоспары - оқушыларды мал терісін илеп, киім-кешек тігуге және асық-садақ ату секілді ұлттық өнерге баулу. Осы мақсатта танымал ісмер, спортшылармен тәжірибе алмасу сағаттарын өткізбекші.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев