Қарағанды облысында 80-ге таяған бапкер балаларды жаттықтырады

Қарағанды облысында қарттар үйінде тұрса да, балаларды жаттықтырып жүрген бапкер бар.

Жас кезінде талай шыңды бағындырған ол енді шәкірттерін жетістікке жетелемек. Сексенге таяса да спортты серік еткен Есіркеп Жақсыбаев мектеп оқушыларына бокстан шеберлік сағатын өткізіп жүр.

80-ге жақындаған Есіркеп Жақсыбаев күнделікті 2 сағат уақытын спортқа арнайды. Бұл бала кезінен қалыптасқан әдеті. «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы»- деген спорттық дәрежесі бар. Бүгінде өзі тұрып жатқан Шахан кентіндегі мектеп оқушыларына да білгенін үйретіп отырады. 

Бақыт Асан, оқушы:

- Оны Шахан кетінде бәрі біледі. Тіпті С.Сәпиевті де жаттықтырған. Бір ерекшелігі ол сол бокста намыс болу керек. Мықты адам болу керек. Өз талпынысы бар. Осының бәрін бізге Есіркеп атамыз үйретті.

Есіркеп Жақсыбаев бұрынғы Қарағанды дене шынықтыру техникумының түлегі. Одан соң спорт шебері атанған ол Қазақ КСР біріншілігінің жүлдегері, республикалық жарыстардың жеңімпазы болды. Қысқасы жас шағында Еуропа елдерінің рингтерінде жасындай жарқылдаған.

Есіркеп Жақсыбаев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Шәкірттерім көп болды. Екеуі әлемдік турнирлерден жеңіске жетті. Солармен мақтанамын. Мен өзім қарттық дегенді білмеймін, бар өмірімді спорт саласына арнадым. Қазір де осы спорттың арқасында ауру-сырқауды білмеймін. Адам көп жүру, көп жүгіруі керек.

Былғары қолғап шеберінің ақындығы да бір төбе. Спорт залынан шыққан соң мына қалың дәптерін қолына алады. Туған жерге деген махаббатын, мамандығына деген адалдығын қария орыс тілінде өлең етіп жазады. Бұдан бөлек тағдырластарын да спортпен, бимен айналысуға үгіттейді.

Ерлан Жәукімов, «Шахтинск қаласының арнаулы әлеуметтік кызмет көрсету орталығы» КММ директоры:

- Биді өте қатты жақсы көреді. Биді сосын өлең шығарғанды ұнатады. Күнде таңертең бұл кісі осы мекмеден бастап Шахтинск қаласына дейін жүгіріп барып келеді. -Есіркеп Қамайұлының туған інісі бар, ол кісі жиі келіп тұрады осында.

Қазыналы қарт 2011-ші жылдан бері қарттар үйінде. Бір ұлы қаза тапқан, ал қызы шетелде тұрады. Қазір осында өзімен тағдырлас 90 адам тұрады.