Қ. Тоқаев автотұрақ тапшылығын сынға алды

Бүгін Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев шаһардағы көлік тұрағы тапшылығын көтеріп, Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырды.

Әсіресе Министрліктер үйінің маңында тұрақ тапшы. Жұрт көлігін қайда қоярын білмей, әуре-сарсаңға түседі. Тіпті көліктерін жақын жердегі үйлердің ауласына қоюға мәжбүр. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыратыны түсінікті. Бас прокуратура және «Жусан банкі» ғимаратының ортасында бос жер бар. Жоғарғы Сот ғимаратының артындағы алаң да бос жатыр. Мемлекет басшысы осы 2 жердің біріне көпқабатты жабық паркинг және жаяу адам өтетін көпір салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Астана тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек. Ең алдымен, қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қараған жөн. Қазір Астанада саябақтар жетіспейді. Тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз. Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Бос тұрған жерге бірден тұрғын үй салынады. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет. Қаланы жоспарлаған кезде мұның бәрін алдын ала ойластыру керек. Қазір Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту.