Президент Астана қаласын дамыту жөніндегі кеңесте бірнеше мәселені көтерді

«Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек». Мемелекет басшысы осылай деді. Президент бүгін Астана қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Шаһардың инфрақұрылымын дамыту қажет, - деді. Әсіресе Есілдің жағасына айрықша көңіл бөлу керек. Себебі жұрт серуендейтін орын аз.

Президент кеңес өткізді

Бүгінгі Астана бұрынғы Астана емес. Өсті. Тұрғыны 1 млн-нан асты. Бірақ инфрақұрылымы халық санына сай емес. Біраз жерде интернеттің сапасы нашар. Шаһарда балабақша, мектеп, аурухана су мен жылу тапшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әкімдік №3 жылу-электр станциясын пайдалануға бере алмай келе жатқанына 10 жылдан асты. Жобаны аяқтау мерзімі бірнеше рет шегерілді. Содан ол 53 млрд теңгеге қымбаттады. Аталған мәселе 2019 жылы көтерілді. Бірақ нысанның әзірлік деңгейі бұрынғыдай 83%-ті құрап отыр. Нәтижесінде қазір елорда 300 гигакалорийден астам жылу энергиясы тапшы. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін №3 жылу-электр станциясының бірінші кезеңінің іске қосылуын қамтамасыз етуге және 2 газ қазандығының құрылысын аяқтауы тиіс.

Кептелістен қашан құтыламыз?

Астананың тағы бір проблемасы – кептеліс. Көлік жыл сайын көбейіп жатыр. Ал көше тар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сонымен қатар, кіші айналма жолдың құрылысы созылып кетті. Оның үстіне, жаңа тұрғын үй кешендерін салғанда жол мәселесі толыққанды ескерілмей жатыр. Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр.

Қ. Тоқаев: көлік тұрағы болмаса, үй салынбайды

Көлік көп болған соң қалада автотұрақ тапшы. Жүргізушілер темір тұлпарын қоярға жер таппайды. Үкімет бұған қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тағы бір маңызды мәселе – көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы. Қазір жұрт балаларын сыртқа шығарудан қорқады. Өйткені ауланың бәрі автокөлікке толып тұр. Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Жалпы ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек. Әйтпесе, осындай келеңсіз жағдайлар жалғаса береді. Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ Министрліктер үйінің маңында автотұрақ тапшы. Бас прокуратура және «Жусан» банкі ғимаратының ортасында бос жер бар. Жоғарғы Сот ғимаратының артындағы алаң да бос жатыр. Әкімдікке осы 2 жердің біріне көпқабатты жабық паркинг және жаяу адам өтетін көпір салу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырамын.

Астанада автобус тапшы

Тұрғындардың қоғамдық көлікке де шағымы көп. Жолаушылар аялдамада жарты сағаттап тұрады. Тіпті кейде автобусқа сыймайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті.

ЭКСПО аумағы демалыс орнына айналады

Астанада саябақтар жетіспейді. Серуенге шығып, демалатын орындар аз. Әсіресе Есілдің жағасы жұтап тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ. Бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр. Шын мәнінде оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады.

Базар маңы реттеледі

Бұған дейін қаланың бірыңғай дизайн-коды әзірленген еді. Бірақ бұл құжат қағаз жүзінде ғана қалды. Салынып жатқан кейбір ғимарат бір-бірімен мүлде үйлеспейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында сыртқы сипаты сын көтермейтін, бей-берекет салынған нысандар көп. «Артем» және «Тұлпар» сауда орталықтарының маңын да ретке келтіру керек. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс.

Елорда жасыл шаһарға айналуы керек

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Астана Сарыарқа төсінде тұр. Қысы қатты. Қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып қалады. Бораннан жалғыз қорған – ағаш. Бірақ бас қаланы көгалдандыру бас бармақпен бағалайтындай емес. Әр аудандық әкімдік өз білгенімен әрекет етеді. Шаһардағы жасыл желектің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Енді әкімдік 3 жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50%-ке жеткізуге тиіс. Себебі Президент мынадай міндет қойды. Алдағы 5 жылда елорда жасыл шаһарға айналуы керек.