Су кодексінің жаңа жобасы халықтың талқыcына шығарылады

24.kz

Жаңа Су кодексінің жобасы "ecoportal.kz" желісі арқылы қоғамдық талқылауға шығарылады. Ашық алаңда жұртшылық экологиялық жаңашылдықтармен танысып, ұсыныс-пікір білдіре алады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігіндегілер хабарлады. 20 жыл бұрын қабылданған баптар бүгінгі заман талаптарына сай келмейді, дейді құжат авторлары.

Үш жылдан бері Ойыл мәселесін көтеріп жүрген табиғат жанашыры Есенбай Нұров Каспий теңізінің тағдырына алаңдаулы. Оның айтуынша, елдегі шағын өзендердің суын бөгеу жұмыстары жалғаса берсе, ел батысындағы табиғи су қоймасы Арал көлінің күйін кешуі мүмкін. Сондықтан кез келген өзен суы өз арнасының аяғына дейін баруы керек, дейді ақсақал. 

Есенбай Нұров, "Ойыл жанашырлары" тобының мүшесі:

- Мынау Қарабау мен Доссорға дейін жүретін болсаң бейіттер көп. Ол жерде халық отырған қазір ол жерде ешкім де отырмайды. Неге? Жоғары жақта осы бөгет салғанның кесірінен деп білемін. Егер мына су кодексіне осындай өзгерістер енгізілсе, мен қолдар едім. Ал егер суды бөлеміз деп, жоғары жақта бөгет салуды заңдастыратын болса, оған келіспеймін. Бұл белгілі бір латифундист адамдардың ықпалынан жасалып жатыр ма деп ойлаймын. 

Қазақстан Республикасының Су Кодексі 2003 жылы қабылданды. Заңдағы көп бап Кеңес Одағы кезінен бері келе жатыр. Осыған байланысты қазіргі таңда өз өзектілігін жойды. "Судың да сұрауы бар" демекші, жаңа құжатта судың салықтық және тарифтік құны белгіленеді. Бірақ отандық су шаруашылығы бірінші экономикаға емес, экологияға ден қоймақ.

Марат Иманалиев, ҚР ЭТРМ Су ресурстары комитетінің басқарма басшысы:

- Жалпы ел аумағында су шаруашылығын жүргізуге арналған 8 табиғи бассейн бар. Әр бассейн бойынша ұлттық жоспар дайындаймыз. Жаңа кодекс бірінші кезекте су ресурстарының ең төменгі деңгейін және экологиялық ағысын сақтауға арналады. Яғни суы аз және ағысы баяу өзендер ерекше қорғауға алынады. Тізімі жасақталып, оларға арнайы мониторинг пен есеп жүргізіліп отырады. Кодекске сондай-ақ орта және ұзақмерзімді жоспарлау ұғымын енгіздік. Жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың міндетін айқындап береміз. 

Комитетке тиесілі басқарманың атауы "Су қорын пайдалану және қорғау" емес, "Су қорын қорғау және пайдалану" болып өзгертіледі. Марат Иманалиевтің сөзіне сүйенсек, қазір су тапшылығы мәселесі барлық өңірге ортақ. Бірақ салыстырмалы түрде Орталық және Батыс Қазақстанда бұл проблема аса өзекті. Сондықтан суды үнемдеу әрі тиімді пайдалану саясаты жүзеге асырылады.

Марат Иманалиев, ҚР ЭТРМ Су ресурстары комитетінің басқарма басшысы:

- Біріншіден, бәрімізге мәлім. Қазақстандағы өзендердің тең жартысы бастауын көрші мемлекеттерден алады. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және Ресей бар. Екінші мәселе, ел ішіндегі өңірлер арасында суға деген қолжетімділік әртүрлі. Мәселен, судың мол қоры Оңтүстік-Шығыс аймақтарда орналасқан. 

Су кодексін түбегейлі жаңарту туралы тапсырманы былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын. Енді міне маңызды құжаттың жаңа нұсқасы аяқталуға жақын. Қоғамдық талқылау 17 ақпан мен 17 наурыз аралығында өтеді. Біткен соң заң жобасы Парламент қарауына ұсынылады. 

Мирлан Алтынбек