БҚО-да ІТ-мамандар саны едәуір артпақ

Батыс Қазақстан облысында алдағы үш жылда 800 ақпараттық-технология маманын даярлау жоспары бар. 

Кадрларды оқытып қана қоймай, инновациялық жобаларын жүзеге асыруға қолайлы ІТ-мектеп жұмыс істеп тұр. Мұнда шәкірттердің көбі грантта оқиды. Жергілікті атқарушы орган тарапынан оларға қолдау көрсетіліп жатыр.

Бұл мектеп облыстық цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен ашылды. Мұнда шәкірттер алты ай бойы сандық жүйе тілін меңгеріп, тәжірибе жинайды. Кейін әрқайсысы сан-салаға қатысты бағдарламалар құрастырып шығаруы қажет.

Әнуар Амангелдиев, бағдарламалаушы:

- Облыста жолаушылар тасымалына қажетті сандық жүйе әзірлегім келеді. Соның ішінде елді мекендер арасында жүретін автобустардан орынды алдын ала онлайн брондау мүмкіндігін жасағым келеді.

Шәкірттер қатарында жоғары сынып оқушылары да, колледж студенттері де бар. Мамандар оларды қарым-қабілетіне қарай қабылдайды. Мұнда министрліктен білім гранттары бөлінген. Дәл қазір 32 шәкірттің 28-і тегін оқып жатыр. Өңірде әрбір еңбек ұжымына айти мамандары аса қажет. Ал кадр табу қиынның қиыны. Әкімдік бұл бағытта 2025 жылға дейін 800 маман даярлауды жоспарлап отыр. Ол үшін тиісті жұмыстарды одан әрі ширату міндеті қойылды.

Райымбек Рашитов, облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы:

- Президент цифрландыру ұлттық жобасы шеңберінде еліміз бойынша 100 мың маман дайындап шығаруды жүктеген еді. Облыста нақты қадамдар жасалып жатыр. Арнайы курстан өткен 15 адам еңбек жолын бастап та кетті. Енді оқып жатқан шәкірттер саны көбейіп келеді. Мемлекеттік қолдау мақсатында Цифрлық даму министрлігі Astana Hub халықаралық технопаркінің базасында гранттар бөлу механизмін әзірледі.

Цифрландыру бағдарламасы шеңберінде өңірде «Смарт 07» жүйесі, коммуналдық төлемдер мен қоғамдық көліктердің жолақысын онлайн төлеу қосымшасы, «109» және «112» бірыңғай байланыс желілері іске қосылды. Алда тұрған мақсат-міндеттер бұдан да көп. Келешекте ІТ мамандарына сұраныс арта берері анық.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасолв, Елдар Аюпов