Келестегі балаларды оңалту орталығы бүлдіршіндерді ерекше тәсілмен емдейді.
Психологтар алдымен тірек қимыл аппараты бұзылған және дамуы кешеуілдеген балалармен емес, олардың ата-анасымен жұмыс жүргізеді. Содан кейін ғана науқас балаларды емдеп, оңалту шараларына көшеді.
Бұл орталық ерекше қажеттіліктері бар 60 балаға көмек көрсетеді. Оның 37-нің тірек қимылы аппараты бұзылған. Арасында дамуы кешеуілдеп, аутизм диагнозы қойылғандар бар. Мұнда білікті психолог, логапед, массаж мамандары балаларды жан-жақты дамыту үшін үш бағытта жұмыс істейді. Психологиялық, физикалық және медициналық көмек көрсетеді. «Нәтиже жаман емес, еңбегіміз ақталып жатыр», - дейді мамандар.
Динара Мутиева, психолог:
- Қазіргі таңда бізде тірек қимылы бұзылған 12 бала жүріп жатыр. 8 баланың диогнозы жеңілдетілген диогнозға ауыстырылды. Ең үлкен жетістігіміз 12 бала жалпы білім беретін мектепке ауысты. Біз 3 аутист баламен жұмыс істеп, нәтиже шығардық. Қазір олар басқа балалармен қосылып, бірге ойнайды.
Орталық заманауи жаңа технологиялармен жабдықталған. Жүріп-тұруы қиын ерекше балаларға трек аппараты қолданылады. Ең бастысы – мұнда мамандар тек баламен ғана емес, алдымен олардың ата-анасымен жұмыс істейді. Себебі ата-ананың балаға деген көзқарасы өзгермей, ештеме өзгермейтінін айтады.
Жұлдыз Уәлиханова, Мүгедек балаларды оңалту орталығының директоры:
- Көбінесе ата-аналардың жеке өміріндегі травмалармен жұмыс істеу арқылы олардың балаларға деген қарым-қатынасын, көзқарасын өзгерту арқылы олардың нәтижесінің тез болатынын біліп отырмыз.
Мұнда балалар таңертеңгі 09:00-дан кешкі 18-00-ге дейін болады. 4 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Әлеуметтік инватакси тегін қызмет көрсетеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
