Абай облысында эстрадалық-симфониялық оркестр құрылды

Өнер ұжымы Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония жанынан ашылған.

Қазір оркестр құрамында 30-ға тарта музыкант бар. «Бұл – жеткіліксіз. Бізге әлі де 10-ға жуық кәсіби маман керек» дейді филармония басшылығы. Оркестрдің әуен қоры жергілікті, отандық және шетелдік өнерпаздардың әндерінен жасақталған. Енді өнер ұжымына Абай облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі деген мәртебе беріліп, репертуары кеңейе түспек.

Кенжегүл Ақшекина, оркестр дирижері:

- Біз ән де айтамыз, әуендерді де ойнаймыз. Репертуарымыз үлкен. Музыканттарды жинап жатырмыз. Консерватория бітірген студенттер болса қуана қабылдар едік.

Айбек Бекбосын, Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның директоры:

- Жергілікті өнерпаздардың әндерін насихаттап жатырмыз. Болат Сыбанов, Тұрсынғазы Рахимов әндерін эстрадалық симфонияға түсірсек дейміз. Кез келген дүниеге жаңаша бағытта келсек ұтыла қоймаспыз деп ойлаймын.