ШҚО-да елді мекендерді су басу қаупі артты

Шығыс Қазақстан облысында елді мекендерді су басу қаупі артты.

Ақпан айының соңына қарай сынап бағаны +8 градусқа дейін көтеріледі. Қыс мезгілінде күннің күрт жылынуы қардың жаппай еруіне әкеп соғады. Сондықтан көктемгі су тасқынының  алдын алу шаралары жан –жақты жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі  Глубокое ауданында 15 ауылды су басуы ықтимал - деп отыр. Қауіпті  аймақта  шамамен 900 тұрғын үй бар. Жергілікті жедел штабта мобильді жасақ құрылған. Тексеру топтары гидротехникалық құрылғыларды зерттеуге кірісті. Бүгінде 34 су жүретін арна,  30 шақырымға жуық арықтар тазартылған. Жағалауларды бекіту үшін 100 тоннадан астам инертті материал дайындалыпты. Ауылдық жерлерден алыс жатқан полигондарға 6 мың  текше метрдей қар шығарылды. Эвакуациялық пункттерді  керек-жарақпен қамтамасыз етуге де баса мән берілген. 

Досжан Әскерхан, Белоусовка кентіндегі уақытша орналастыру пунктінің басшысы:

- Біз міне №1 Белоусовка орта мектебінің уақытша қабылдау пунктінде тұрмыз. Өзіміздің мына мектептің ішінде қоймамыз бар. Мектебімізде  50 орынға дайындалып қойған орындарымыз бар. Асханамыз бар, медбике кабинетіміз бар және ана мен бала бөлмесі бар. Яғни, егер су тасқыны болса біз күтуге дайынбыз.

Эльдар Тумашинов, Глубокое ауданының әкімі:

- Бірінші кезекте біз Белоусовка, Глубокое, Прогресс, Олимпиада және Опытное поле аудандарын бақылауға аламыз. Бұл  су басу қаупі жоғары аймақтар. Барлық гидротехникалық құрылғыны тексеріп шықтық.  Қазір Белоусовкадамыз. Қауіпті деген жерлерге кезекшілік ұйымдастырамыз. Жағдай тәулік бойы бақылауда болады.