Елімізде балабақшалардағы қауіпсіздік тексеріледі

Бұдан былай еліміздегі балабақшаларда бейнебақылау камераларының бар-жоғы жіті тексерілмек. Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде болған оқиғадан кейін тиісті ведомство осындай шешімге келген. Бұл туралы Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева хабарлады.

Оның айтуынша, балабақшаларға қатысты ережелер 2019 жылы қабылданған. Алайда әлі күнге дейін қауіпсіздік талаптарын орындамай отырған мектепке дейінгі білім беру мекемелері бар. Құжатта дабыл қағу батырмасы, турникет, бейнебақылау камераларын орнату жайында толық жазылған, - дейді.

Наталья Жұмаділдаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры:

- Бұл оқиға бәріміз үшін сабақ болды. Осыдан 4 жыл бұрын жарияланған бұйрықта балабақшада орнатылатын камераның моделіне дейін жазылған. Мекемелерді тексеріп, талапқа сай келмейтіндерін анықтағаннан кейін тиісті шаралар қабылдаймыз. Мәселен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін жергілікті атқарушы органдар және ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлесіп шешуін жөн көріп отырмыз.