Алматы облысында қарғын суға тосқауыл қойылып жатыр

Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында оншақты үйдің ауласына су кірді.

Соңғы 4 тәулікте күн күрт жылынып, қар ери бастады. Қар суы жаңадан салынған жеке үйлердің аумағына жайылды. Ауыл сыртындағы үш арық та суға толды. Біраз көшеде суағар жоқ, салдарынан қарғын су үйлердің ауласына қарай ағуда. Суды тоқтату үшін жасанды канал қазылды. Ұзынығаштағы әскери бөлім сарбаздары тұрғындарға көмек қолын созуда. Оншақты техника да тартылды. Ауыл ішіне оңтүстік беткейден ағып келіп жатқан суды тоқтату үшін құм толтырылған қаппен бөгет қойылды. Қауіптің беті сейіле бастады, зардап шеккендер жоқ. Арықтарды тазалау жұмысы одан әрі жалғасады.

Алуа Ұңғысатқызы, ауыл тұрғыны:

- Жолды салған кезде ешқандай арық жоқ. Жолдың үстімен ағып жатыр су. Жолды жасаған кезде арығы болуы керек. Мына су қалай ағады? Мына жерде жота бар екенін көріп отыр. Бәрін ұйымдастырып жасау керек қой.

Абзал Нұрпейісов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

- Жеке секторларға қауіп төндірмейміз. Жоғарғы обводной каналдардың барлығын тазарттық. Қазіргі таңда аудан бойынша бес мотопомпа жалғыз Ұзынағаштың өзінде жұмыс атқаруда.