Жамбыл облысында 4 мың отбасы кәсіп ашты

Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны соңғы 4 жылда 74%-ке азайған. Бұл – тұрғындардың табысын арттыруға арналған пилоттық жобаның нәтижесі. Жоба аясында 4 мыңнан аса отбасы жеңілдетілген несие рәсімдеп, өз кәсібін бастады. Енді аймақтағы 153 елді мекеннің барлығы қамтылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түймекент ауылының тұрғыны Набира Бекжанова біраз жыл бойы жұмыссыз жүрген. Былтыр пилоттық жобаға қатысады. Мал шаруашылығы үшін 1 млн 350 мың теңге жеңілдетілген несие алды. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, кәсібінің нәсібін көріп отыр.

Набира Бекжанова, Түймекент ауылының тұрғыны:

- Малымыз жоқ еді, қазір жақсы малдың басын құрадық. Басында 20 бас алғанбыз қойды. Қазір 35 болды. Сойып, етке неғып жатырмыз. Сиырдың сүтін пайдаланып отырмыз.

Тұрғындардың табысын арттыруға арналған жоба бүгінде тиімділігін дәлелдеп отыр. Мәселен, 2020 жылы Түймекент ауылында әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 250 болған. Қазір бұл көрсеткіш 10 есе төмендеді. Ал облыс бойынша 4 жылда әлеуметтік көмек алатындар саны 27 мың отбасыға азайған. Жалпы, жобаға Байзақ ауданынан 600-ден аса тұрғын қатысты.

Әлібек Қуанышев, Байзақ ауданы әкімдігі аппаратының бас инспекторы:

- 2020-21 жылдары 2 млрд-тан аса қаражат кірді. 3 ауылдық округте жалпы 600-ден аса азамат өзінің кәсібін ашып, жеке кәсіпкер болып тіркеліп, аудан бюджетіне салықтарын да төлеп жатыр. Одан кейін әрқайсысы өздерінің үйлерінде 1-2 азаматтан жұмыспен қамтып, оларға айлығын төлеп жатыр.

Өңірде 4 жыл ішінде 24 ауылдық округтегі 4 мыннан аса отбасы жеңілдетілген несие алды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.

Нұрби Жігітеков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- 11,5 млрд теңге «Ауыл аманаты» жобасында тағы қаржыландырады. Осы наурыз айынан жоспарлап отырмыз. Ол 22 ауылдық округте болайын деп отыр. Одан басқа тағы да бізге қажетті 20 млрд теңге қаражат. Осы пилоттық жобамен «Ауыл аманатымен» тағы да беруді жоспарлап отырмыз.

Облыс билігі тұрғындардың тұрмысын арттыру жобасын 2025 жылы аймақтағы барлық ауылда жүзеге асырмақ. Оған шамамен 69 млрд теңге қажет. Қаражат кезең-кезеңімен республикалық бюджеттен бөлінеді деп күтіліп отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә.