Зүлфия Сүлейменова: ірі кәспорындар үшін талап күшейтіледі

Ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластауына жол берілмейді. Бұл туралы Экология және табиғи ресрустар министрі Зүлфия Сүлейменова Атырауға сапары барысында мәлімдеді.

Еліміздің көмірсутегі шикізатының 65%-і шоғырланған Атырау облысы үшін бұл – өте өзекті мәселе. Мұнай-газ өнеркәсібі өркендеген сайын өңірдің экологиялық ахуалы нашарлап барады. Жаңа қабылданған экологиялық кодекс бойынша енді эмиссиялық төлемақы жергілікті бюджетте қалатын болады. Былтыр мұнайлы өңірде ол қаражат 9 млрд теңгені құраған. Облыс тұрғындарын мазалайтын тағы бір проблема қаланың қақ ортасында тұрған Атырау мұнай өңдеу зауыты болып отыр. Өткен 1 жылдың ішінде зауытта 3 мәрте апаттық жағдай болып, зиянды қалдықтар ашық ауада жағылған. Енді ірі кәспорындар үшін талап күшейтіледі, - деді Экология және табиғи ресрустар министрі.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Жаңа экологиялық кодекс шеңберінде қазір осы үлкен кәсіпорындардың іс-әрекеттерін реттеу жағынан бірқатар жаңашылдықтар бар. Біз экологиялық кодекс шеңберінде әкімшілік құқық бұзушылар жөніндегі кодекске бір норманы енгізген болатынбыз. Яғни, жүйелі түрде заңнаманы бұзған кәспорынға біз олардың экологиялық рұқсатын тоқтату туралы шешім қабылдай аламыз. Яғни, бір жылдың ішінде 3 рет заңнама бұзылған жағдайда.