Астанада мемлекеттік қызметшілердің сөз саптауын жетілдіруді көздеген іс-шара өтті

Мемлекеттік қызметшінің жеке брендін қалыптастыру, тиімді коммуникацияның маңыздылығы мен халық алдында сөйлеудің дайындығы. Бұл – Мемлекеттік басқару академиясы әзірлеген оқыту курстарының бір парасы ғана. Бүгін академияда осы тақырыптарды қамтыған іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған 200-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысты. Рухани-танымдың іс-шара мемлекеттік қызметшінің сөз саптауын жетілдіруді көздейді. «Себебі халық үніне құлақ асатын мемлекеттік қызметшінің сөйлеу мәдениеті де жоғары болуы керек», - дейді академия ректоры Ерлан Әбіл.

Ерлан Әбіл, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

- Мемлекеттік қызметшілер сөзге бай, ойы терең, әрбір мүдделі тараптармен тең сөйлесе алатын, жүргізіп жатқан мемлекеттік саясатты қарапайым тілде барлық бүге-шүгесін түсіндіре алатын адамдар қажет боп тұр қазір. Сондықтан біз осындай іс-шараларға театр мамандарын, өнер азаматтарын шақырып, оларға жаңа білім беріп жаңа жолды көрсеткіміз келеді.