Бейбарыс Сұлтанның атына көше берілді

Астананың бір көшесі Бейбарыс Сұлтанның атымен аталады. Бұл – «Көктал» шағын ауданындағы үлкен көше, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыпшақ даласынан шығып, Мысырда билік ежүргізген әйгілі қолбасшының туғанына биыл 800 жыл. Мерейтойды ел болып тойлаймыз. Бүгінгісі – соның алды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Астанада 1200 көше болса, соның 90%-тен астамы тарихи тұлғалар мен жер-су атауына берілген. Мына Көкталды көктей өтетін көше осымен далаға алып шығады. Білеміз, Мысыр жерінде Бейбарыс Сұлтан қазақтың даласын, даласындағы жусанын аңсап өткен. Мұның да символдық мәні бардай.

Бұл Сарыарқа ауданындағы №189-шы көше еді. Енді Мысырда сұлтан болған Бейбарыс бабамыздың атымен аталады. Көше 6 жолақты. Әзірге ұзындығы 2 шақырымнан асады.

Сәкен Есіркеп, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

- Бұл көше болашақта шаһардағы халық ең көп қатынайтын ірі жолдардың біріне айналады деп біз жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл көшенің жалғасы қаланың сыртына қарай кетеді. Яғни, үлкен көпқабатты үйлер, осы Көктал паркін көріп тұрсыздар. Әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты біздің Бейбарыс Сұлтан бабамыздың есіміне ең лайықты көшелердің бірі ғой деп біз осыны таңдап, комиссиямен шештік.

Бүркітбай Аяған, тарихшы:

- Жалпы, Бейбарыс бабамыз осы Қыпшақ даласынан шыққаны белгілі. Ол туралы араб, парсы ғалымдары жазған болатын. ХІІІ ғасырда Қыпшақ даласында тұтқынға түседі. Содан мысырға кетеді. Содан сол жақта гвардияны басқарады. Кейін саяси өмірге қатысып, ол кісі әрі қолбасшы әрі ел билеуші болған адам.

Мысыр елінде 17 жыл бойы Мәмлүктер мемлекетін билеген беделді қолбасшының туғанына биыл 800 жыл. Дешті Қыпшақ даласынан шыққан даңқты тұлғаның мерейтойына орай біраз шара ұйымдастырылады. Көшеге атын беру – соның басы.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Бүгіннен бастап осы жылдың аяғына дейін ел көлемінде 600-ден астам нақты шаралар өтеді. Әрине, ғылыми практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер болады. Бұл енді тек ел көлемінде емес, халықаралық деңгейде де нақты шараларымыз өтеді.

Сабақты ине сәтімен, бүгін даңқты қолбасшының атына көше беріліп, артынша Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Бейбарыс сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» тақырыбымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Осылайша, тарихи тұлғаның 800 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі басталды. Жиында отандық және шетелдік ғалымдар Бейбарыс сұлтанның тарих пен өнердегі бейнесін, дипломатиясын һәм тұлғалық келбетін айтты.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Жалпы, Батыстан крест жорықтары үлкен қауіп төндіргенде, Шығыстан Құлағудың әскер дінге үлкен қауіп төндіргенде және дінді іштен кемірген сәтте соны қайта сақтап қалған Бейбарыс бабамыз болатын. Сонымен қатар оның Мысырда жүріп, тілін, дәстүрін қаншалықты ұлағаттағанын жақсы білеміз. Бейбарыс сарайда да тек ана тілінде сөйлегенін тарихшылар, жылнамашылар жазады. Берке ханмен құнадалы болып, қызын алып, одан туған баласының атын Түрік деп қойғаны да өз тарихын қаншалықты жақсы білгенін аңғартса керек.

Бабамыз билік еткен Мысыр жерінде биыл Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Халықаралық деңгейде конференциялар ұйымдастырылып, деректі фильмдер түсірілмек.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров.