ШҚО-да оқушылар техникалық мамандықты меңгере алады

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ техникалық мамандықты меңгеруге болады. Жоғары сынып оқушылары мұны негізгі пәндермен қатар оқып үйренеді.

Білім министрлігі биыл осындай жаңа оқу бағдарламасын енгізбек. Жобаға оқушылар ерікті түрде қатысады. Мұның бір артықшылығы маман тапшылығын жоюға сеп. Өйткені елдегі 9 мыңнан аса қазақстандық компания кадр тапшылығы барын мәлімдеген. Ал енді еңбек биржасындағы ахуал қандай?

Шығыс Қазақстан облысының жоғары сынып оқушылары кәсіби тәжірбиеден өтіп жатыр. Олар мектеп формасының орнына жұмыс киімін киіп, қолына қалам емес кілт ұстаған. Жұмысшы мамандығын таңдағандардың бірі -  Данил Коробкин. Ол кәсіби техникалық мамандықты  игеруге кірісіпті. Тың жобаға жоғары сыныптың 74 оқушысы қатысады.

Данил Коробкин, 9-сынып оқушысы:

- Мен автослесарь мамандығын таңдадым. Қиын болмайды деп ойлаймын. Өйткені бала күнімнен атама көлік жөндеуге көмектесетін едім. Бұл өте қолайлы жоба екен. Егер 10 - 11 сыныпты жалғастыратын болсам аттестатпен бірге диплом алып шығамын

Данил сияқты кәсіпке бет бұрған шәкірттер колледжде 4 сағат дайындықтан өтеді. Сонымен қатар оларға арналған бөлек оқу бағдарламасы әзірленеді.

Гүлмира Искакова, облыстық Білім беру басқармасының кәсіби және техникалық білім беру бөлімінің басшысы:

- Биыл бүкіл республика бойынша жаңа жоба 10-11 сынып оқушыларын колледжде бір мезгілде оқыту бойынша эксперименттік бағдарлама басталады. Бұл жоба білім министрінің бұйрығымен бекітілген. Біздің облыста осы экспериментке 4 колледж қатысады. Үшеуі Өскеменде және біреуі Күршім ауданында.

Кадр даярлаудың жаңа тәсілі  қажеттіліктен туындап отыр. Өндіріс орындары көп шоғырланған Шығыс Қазақстан облысында 20 мыңдай маманға сұраныс бар.

Александр Шиляев, құрылыс фирмасының директоры:

- Құрылыс мамандықтарына сұраныс өткір тұр. Кәсіби білікті мамандарға біздің тарапымыздан зор қызығушылық бар. Колледжді бітірген оқушылар 100 процент жұмыспен қамтылады.

Жергілікті еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға аймақтың 4 колледжі атсалыспақ. Оқу орындары министрлік ұсынған жоба арқылы түлектерді қабылдауға дайын.

Бауыржан Жұмабаев,  Құрылыс колледжі директорының орынбасары:

- Біздің Шығыс Қазақстандағы 4 колледжіміз қатысқалы отыр. Сол колледждің ішінде біздің Өскемен құрылыс колледжі осы жобаға қатысып жатырмыз. Сол жобада 10-11 сынып оқушылары бізге оқуға келеді және оқу мезгілі бір кезде өткізіледі. Біздің колледждегі бүкіл сайман-құралдармен және  басқа да техникаларымыз соның барлығы дайын. Осы жобаға қатысу үшін мына жас маман бойынша бізде алынған техникамыз және басқа да құрал-саймандар және автомобиль кескіндісі осы жобаға сай деп біз ойлап сол жобаға қатысып отырмыз.

Кәсіби білікті мамандар әсіресе отандық құрылыс саласына қажет. Бүгінгі таңда 200 мыңдай тұрақты жұмыс орыны бос тұр. Әсіресе, құрылыс саласына мамандар қажет. Биыл елімізде 15 миллион шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин