БҚО-да жыл басынан бері 15 жасөспірімнің бас бостандығы шектелді

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 26 қылмыстық іс тіркелді.

Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есеге көп. Олар ұрлық, тонау және алаяқтық әрекеттерін жасаған. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған 18 баланы ұстады. Соттың шешіміне сәйкес 15-інің бос бостандығы шектелген. Ал қалған үшеуі жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық іс қысқартылды. Соңғы кездері өңірде балалардың үйден өз бетінше кетіп қалу деректері де жиілеп барады. Бір айдан астам уақыт ішінде ата-аналар тарапынан дәл осындай жағдайға қатысты 6 өтініш келіп түсті. Тәртіп сақшыларының жедел әрекеті нәтижесінде балалар аман-есен табылды. Сондай-ақ, заңды өкілдерсіз түнде үйден тыс жерде болу дерегі бойынша 500-ге жуық әкімшілік-құқықбұзушылық тіркелген. Мамандар балалар арасындағы қылмыс пен оғаш әрекеттердің жиілеуін отбасыдағы психологиялық байланыстың осалдығымен байланыстырып отыр.

Мәдина Құспанова, қалалық ПБ ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы:

- Заңды өкілдері тарапынан бақылаудың жоқтығы, балалар мен ата-аналардың арасындағы қарым-қатынастың дұрыс белгіленбеуі, сонымен қатар жасөспірімдердің бос уақыты көп болып, олардың бос уақыты ұйымдастырылмауы салдарынан осы қылмыстарға әкеп соқтыруы мүмкін.

Луара Батырғалиева, БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бос уақытын ұйымдастыру мәселесі өзекті. Осы жерде 2020 жылы Орал қаласында басталған жақсы жоба бар «Өзіңнен баста!» деген. Сол жоба аясында Орал қаласы бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.