Қарағанды облысының әкімі Түркияға барып қайтқан 15 құтқарушыны марапаттады

Түркиядағы зілзала кезінде қираған үйлерді аршумен айналысқан қарағандылық 15 құтқарушы бүгін облыс әкімінің алғыс хатын алды.

Сондай-ақ еңбегімен және ерлігімен ерекшеленген тағы жүздеген адам марапатқа ие болды. "Ұлы дала ұрпағына мың алғыс" деп аталатын игі шара жайында тілшіміз тарқатады.

Қарағандылық құтқарушылар 12 тәулік бойы бауырлас елдегі Нұрдағы қаласында болған. Алғашқы күні-ақ үш адамды үйінді астынан алып шықты. Сондай-ақ екі бірдей иісшіл иттің көмегімен 11 адамның мәйітін тауып, зардап шеккен 90 адамға алғашқы медициналық жәрдем берген. Ерлік ескерусіз қалған жоқ. Бүгін 15 адам облыс әкімінің алғыс хатын алды. 

Айдар Шорманов, құтқарушы

- Бұл менің бірінші международный поездкам болды. Шынын айтсам оңай болған жоқ. Бірақ бәрін бітіріп, бәрін руководстваға тапсырып, орысша айтқанда закончили все до нуля. Туған-туыстарынан алғыс алдық және жандармания деген ол полиция сол жақтағы, сол жақтан алғыс алдық.

Бұл күні алғысқа бөленгендердің арасында дәрігер де, ұстаз да, металлург пен кәсіпкер де бар. Барлығы ел дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүр. Оқушылар мұғаліміне, музыканттар тәлімгеріне, спортшылар жаттықтырушыларына рахметін жаудырды. Бес баламен далада қалған жалғызбасты ана да баспана алып берген жомарт жанға құрметін білдірді. Ал өзге этнос өкілдері болса қиын-қыстау заманда бауырына басып, барымен бөліскен қазақ халқына алғыс айтты.  

Ербол Әліқұлов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

- Мүмкін біздің үлкен жүрегіміздің арқасы шығар, бабаларымыздан қалған аманат шығар, қазақ әрқашан құшақ жайып кез-келген достарын, кез-келген ұлтты қарсы алып осы жерде бірге өмір сүріп келе жатқан елміз. Кең болсаң, кем болмайсың деген, соның арқасында мүмкін қазіргі жағдайымыз, Қазақ елі, Қазақстан жері өркендеп келе жатыр.

Мерекелік кеште жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Сондай-ақ жиналғандар қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар