Шымкентте қала әкімінің қоғамдық қабылдауы өтті

Шымкентте қала әкімінің кезекті қоғамдық қабылдауы өтті.

Онда бес жүзден астам азаматтың мәселесі тыңдалды. Әкімдікке қарасты барлық сала жетекшілері де шаһар тұрғындарының ұсынысын тіркеп, толғандырған түйіткілдің шешілу жолын қарастырды. 

Сәлима Шекербекова кезекті рет қоғамдық қабылдауға алғашқылардың бірі болып келді. Үй төрайымы болғасын көршілерінің өтініш-тілегін жеткізбек. Қала әкімінің бұған дейінгі қабылдауында ол көпқабатты үйдің қасбетін жаңарту, балалар ойын алаңы мен қоқыс жәшігін орнату сынды мәселелер көтерген.

Сәлима Шекербекова, қала тұрғыны:

- Осы жылдың өзінде үш рет келдім. Үш рет келгенде айтқанымның бәрін шешіп берді. Оның барлығы жақсы. Рахмет. Енді тек қана осы мәселе қалды. Трансформаторды орнатып берсе.

Қоғамдық қабылдауда бұқараның бұйымтайы салаға жауапты мамандардың талқысына түсті. Сұрақтардың басым бөлігі бизнес бастауға бағытталған. Биыл әлеуметтік осал топтағы жандарды қолдау үшін 447 азаматқа қайтарымсыз қаражат берілмек. Грант мөлшері 1 миллион 380 мың теңге.

Мақсат Жолдасбеков, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бір сағаттай уақыт болды басталғанына. Бізге бір 25 адамға жуық азамат келді. Олардың негізгі мәселелері мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант мәселесі жөнінде тәртіптердің барлығы толық түсіндірілді. Жұмыс істеп жатырмыз.

Дәстүрлі жиынға бұл жолы бес жүзден астам азамат қатысты. Көбі тікелей қала әкімі Мұрат Әйтеновке жүгінді. Өздерін толғандырған сұраққа нақ жауабын естіген жандар батасын беріп, алғасын білдірді.  

Шаһар басшысы 200-дей тұрғынның коммуналдық мәселелер, елді мекендерді сапалы интернетпен қамту, мегаполистің инфрақұрылымдық дамуына қатысты сұрақтарына жауап берді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов