Еліміздегі арнайы мектептер заманауи құрылғылармен жабдықталады

Еліміздегі зердесі бұзылған балаларға арналған 98 арнайы мектеп-интернатының техникалық базасы заман талабына сай жабдықталады.

Игі бастаманы «Қазақстан халқына» қоры жүзеге асырып отыр. Жобаның бірінші кезеңі қорытындыланып, Алматы облысының Есік қаласында орналасқан осындай мектептің бірі қалың көпшілікке таныстырылды.

Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 188 мың бала болса, соның 7 мыңнан астамы Алматы облысында тұрады екен. Есік қаласындағы арнайы мектеп-интернатында 187 бала білім алады. Олар, Райымбек, Кеген, Талғар және Еңбекшіқазақ ауданындарынан келген. «Зердесі бұзылған балдырғандарды тәрбиелеуде техникалық базаның маңызы зор. Өйткені, балаға отбасы жағдайында сапалы білім беру мүмкін емес», - дейді ата аналар.

Ләззат Қыдырбекова, ата-ана:

- Мен бұл жерге сынмен алып келгенмін. Сынап алып келгенмін, балам қарай ма, қарамай ма, қалай деп. Жоқ, үйдегідей балам өте таза. Демалуы да, ойлау қабілеті де, бұрын мүлдем сөйлемейтін, қазір сөйлеп келе жатыр. Апа, ата, тамақ ішем, сыртқа шығам деген жақсы сөздердің барлығын айтып қазір сондай жақсы.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 5 дәрісхана жабдықталған. Олар логопед және психолог кабинеті, спорт залы, әлеуметтік-тұрмыстық бағдар және тігін шеберханасы. Мысалы, жаңа тактильді-дамытушы және сенсорлық жабдықтар, сөйлеу тренажерлары, интерактивті панель, компьютерлер қойылды. Ойыншықтарда жаңартылған. Облыс бойынша осындай үш арнайы білім беру мекемесі жабдықталады. Оған қор тарапынан 63 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

Анар Сәрсекова, Зердесі бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры:

- Біздің ерекше балаларымызға кез-келген затты қолымен ұстап, көріп жұмыс істеген тиімдірек болады. Бұл құрылғылармен жұмыс істеген сайын олардың танымдық қабілеттері артады, еңбекке баулимыз. Сол балалар тұрмыстан тыс қалмас үшін үйдегі жағдай жасалып, әлеуметтік тұрмыстық кабинетінде балалар тамақ жасауды үйренеді.

 «Арнайы мектептерді жабдықтандыру» жобасы өткен жылы басталған. Өйткені, еліміздегі арнайы мектеп-интернаттардың техникалық базасы заман талабына сай келмейді. Осы кемшілікті толық жою үшін «Қазақстан халқына» қоры еліміздегі 98 арнаулы мектепке жалпы сомасы 2 млрд 764 млн теңге бөлген.

Әйгерім Күдерина, ҚР ОАМ арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту орталығының директоры:

- Министрліктің бекіткен 70-ші бұйрығының нормасына сәйкес бүгінгі таңда мына арнайы мектептер тек 30 пайызға ғана арнайы жабдықтармен жабдықталған. Сондықтан әрине бұл оқу процессіне, оқу сапасына деген үлкен күмән туғызады.

Жобаның бірінші кезеңінде 31 арнайы мектеп-интернаты жабдықталды. Ал қалған мекемелер жыл соңына дейін қамтылады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев