«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында 10 мыңға жуық әйел еңбек етіп жүр

«АрселорМиттал Теміртау» металлургия комбинатында қызмет ететін нәзік жандардың қатары артқан. Мұндағы ауыр да жауапты қызметті бұрымдылар ерлермен қатар атқарып жүр. Өз ісіне адал жандардың кейбірі осы комбинатта 30 жылдан аса тер төккен. Компания нәзік жандарды үнемі қолдап отырады.

Мұнда ерлермен қатар жұмыс істеп, зауыттың дамуына көп үлес қосып жүрген әйелдер аз емес. Заты нәзік болғанымен, ердің жұмысын ауырсынбай істеп жүргендердің бірі – Александра Куницына. Ол – «АрселорМиттал Теміртау» комбинатында конвейер машинисі. Білікті маман бұл салада 25 жасынан еңбек етіп келеді. Ерекше кәсіп иесі «өз ісін сүйген адамның қолынан келмейтін іс жоқ» дейді.

Александра Куницына, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ конвейер машинисі:

- Мені бұл салаға тағдыр айдап келді. Олай дейтінім, менің атам, әкем мен анам да осы комбинатта қызмет еткен. Өндірісте жұмыс ауқымды. Бірақ өз ісімді сүйетіндіктен, еңбегімді ешқашан қиынсынған емеспін. Қайта осы жұмысымнан энергия аламын.

Кәсібіне шын берілген адам жұмысты дөңгелетіп қана қоймай, төңірегіндегілерге пайдасын тигізеді. Александра Куницына осындай мамандардың жарқын үлгісіндей. Ол жанында жүрген адамдарға ақылды әріптес, шебер маман ретінде ақыл-кеңесін аяған емес.

Александра Куницына, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ конвейер машинисі:

- Бұл жұмыста еңбекқорлық, шыдамдылық және жауапкершілік қажет. Біздің жұмыс төзімділікті талап етеді. Ал осы жылдар ішінде біздің кәсіпорында көптеген оң өзгерістер болды. Қазір еңбекті қорғауға және қауіпсіздік техникасына көп көңіл бөлінеді.

Елдегі алып кәсіпорындардың бірі – «АрселорМиттал Теміртауда» бүгінде 10 мыңға жуық әйел еңбек етеді. Жұмыста үнемі тас түйін жүретін нәзік жандар, ауыр жұмыста ерлерден кем түспейді. Олардың кейбірі өндірістің алды. Компания ұжымдық шарт аясында әйел қызметкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Авторы: Айнұр Қуатқызы.