Ұлытауда жолдарды жөндеуге Ұлттық қордан қаржы бөлінді

Биыл Ұлытауда тек облыстық маңызға ие жолдарды жаңғыртуға 4 млрд 600 млн теңге бөлініп отыр.

Оның тең жарымы ұлттық қордан қарастырылған. Бөлінген қаржы былтырғы жылмен салыстырғанда, 3 есе көп. Қазір мемлекеттік сатып алу байқаулары өтіп жатыр. Күн жылынса төрт бағыт бойынша ең тозығы жеткен облыстық жолдарды жөндеу жұмыстары басталады.

Өңірдегі автокөлік жолдарының үштен бірі облыстық маңызға ие. Биыл жаңадан салынатын жолдың ұзындығы 60 шақырым. Жалпы сипаттағы 2 жарым млрд теңгені құрайтын трансферт қаржысына 41 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Мұның сыртында ұлттық қордан бөлінген 2 млрд теңгеге екі жоба жүзеге асырылады.

Ерлан Түсіпов, облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- «Сәтбаев-Малшыбай-Жошы хан-Домбауыл» жолының құрылысына 1 млрд берді республикалық бюджеттен. «Қаражал-Атасу» жолының 28 шақырымын қайта жаңғыртуға республикалық қазынадан тағы 1 млрд теңге бөлінді.

Облыстық маңыздағы жолдардан бөлек, өңірдің әкімшілік орталығындағы жолдардың да сапасы көңіл көншітпейді. Жезқазғандағы 212 шақырым жолдың тек 55 пайызына ғана асфальт жамылғысы төселген.

Талғат Қабдулманап, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Аударма  –былтыр Деев көшесіне жаңадан асфальт төседі. Салық төлеуші ретінде сондай сапалы жолдардың көп болғанын қалаймыз ғой әрине. Жаңа облыста жақсы жаңалықтар көп болады деп жатыр. Тақтайтай түзу жолдармен жүретін күн алыс емес деп ойлаймын.

Биыл облыс орталығында 8 көшеде 11 шақырым жолға орташа және күрделі жөндеу жүргізіледі.  Соның өзінде шаһардағы жүруге жарамды жолдардың көлемі 63 процентті құрайды.

Нұрбол Садықов, Жезқазған қалалық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Ағымдағы жылға бюджет есебінен 3,2 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражат сомасы 11,2 шарықым автокөлік жолын жөндеуге арналған. Қазіргі таңда конкурстық құжаттама дайындалуда, 15 наурызға дейін аталған конкурстарды жариялайтын боламыз.

Өңірдегі жолдарды жөндеуге  «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында да 1 млрд теңге бөлінді. Ол қаржы Ұлытау және Жаңаарқа аудандарына қарасты ауылдардың жолдарын жөндеуге бағытталады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев