Өзбекстанда Аралды сақтап қалу жобасы қолға алынуы мүмкін

Өзбекстанда Аралдың батыс бөлігін сақтау және ондағы балық шаруашылығын қалпына келтіру жобасы қолға алынуы мүмкін. Су айдынының тұздылығы соншалық, Өлі теңізден де асып түседі. Бірақ көршіміз мәселені Кіші Аралдың көмегімен шешуді көздейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы қыс Орталық Азия елдерін әбден әбігерге салды. Әсіресе Қырғызстан мен Өзбекстан электр қуатының жетіспеушілігіне тап болып, гидростанциялар толық қуатта жұмысқа кірісті. Тоқтағұлдан төмен қарай мол су жіберілді. Дарияның алапат ағынына еш бөгет жасалмады. Жауын-шашынның көп болуы да жағдайға оң әсер еткендей.

Мереке Иманғалиев, «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы бірлестігіндегі Қазақстан өкілі:

- Биыл Шардара су қоймасына судың былтырғы жылдармен салыстырғанда мол келуінің себебі 2022 жылдың желтоқсан және 2023 жылдың қаңтар айларында аномальды суық ауа райының болуына және осыған байланысты жоғарыда орналасқан су қоймаларының энерегетикалық режимде жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Яғни, Сырдария трансшекаралық өзенінің жоғарғы ағынында орналасқан мемлекеттер аномальды суық кезеңде энергия қуатын өндіру мақсатында су ресурсарын төменгі ағынға молдап жіберді.

Жалпы, Кіші Аралдың жайы Шардара қоймасына да тікелей байланысты болып отыр. Оған қазір секундына шамамен 980 текше метр тіршілік нәрі құйылады. Вегетациялық кезеңге дейін көрсеткіш тағы артуы мүмкін. Ал қырғыздың Тоқтағұл су арнасында осы күні 8 млрд 103 млн текше метр су жиналған.

Вадим Соколов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жоба жетекшісі:

- Сырдарияның ағыны жақсырақ. Сондықтан Кіші Аралға оң әсер етіп жатыр. 30-дан аса балық түрі тіршілік етеді. Қазақстан тарапы кейінгі кезде суды мол мөлшерде алатын болды. Бұған біздің аймақта болып жатқан климаттық жағдайлар да сеп. Кейінгі кезде Өзбекстанда ылғалдың мөлшері ұлғайған.

Солтүстік Аралды сақтап, ондағы тіршілік нәрін көбейтуге өзбек тарапы да ынталы. Себебі сол арқылы теңіздің батыс бөлігін сақтап қалуға жол ашылады.

Вадим Соколов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жоба жетекшісі:

- Көкарал бөгетінің мүмкіншілігі көп емес. Судың мол түсуіне байланысты гидронысан ауыртпалыққа шыдас бермеуі мүмкін. Сондықтан біздің әріптестеріміз кейде тіршілік нәрін төменге жіберуге мәжбүр болады. Ол су Аралдың орталық бөлігіне түссе, жоқ болып кетеді. Сол ресурсты біз Батыс Аралға бұру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Өкініштісі сол, Аралды толық қалпына келтіру мүмкін емес. Өзбек билігінің суды сақтау мен үнемдеуге басымдық беруі сондықтан. Тау мұздықтарының жылдан жылға азайып бара жатқаны біздің елді де алаңдатады. Мамандар теңіздің солтүстік бөлігіндегі ахуал жақсарса, батысына оң әсері ететінін ескеріп отыр. Сондықтан ауқымды жобаны қолға алуға ниетті. Қазір екі елдің ғалымдары бастаманы жан-жақты талқылап жатыр.

Авторы: Рауан Мыңбаев.