Түркиядан оралған мамандар марапатталды

Түркиядағы жер сілкінісінің зардабын жоюға ат салысқан мамандар марапатталды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген екінші дәрежелі «Айбын» және «Құрмет» ордендерін, сондай-ақ, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарын Төтенше жағдайлар министрі табыстады. Бауырлас елде апат аймақтарында іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізген топ құрамында 100-ге жуық қазақстандық болды. Олардың арасында құтқарушылармен бірге медицина мамандары да ерен еңбек үлгісін көрсетті. Солардың бірі - "Апаттар медицинасы" орталығының дәрігері Алмагүл Алдабекова қауіптің бел ортасында жүріп, талай жанға медициналық көмек көрсетті. Бүгін "Ерлігі үшін" медалін иеленді.

Алмагүл Алдабекова, ҚР ТЖМ апаттар медицинасы орталығының дәрігері:

- Біз 3 адамды құтқардық. Екі әйел, бір еркек адам. Олар тірі. Анасы жоқтап отырған баласын, өте қиын болды бізге. Енді осындай трагедияны бірінші рет көрдік. Бар шамамызды жасап, көмекті жасадық. Мед көмек, психо-моральдық көмекті жасадық. Енді сол Турцияның адамдары бізге рахметін айтып, мен ойлаймын жасқы жұмыс жасадық деп.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Офицерлік құрамның кейбір өкілі екінші дәрежелі «Айбын» орденін, азаматтық құтқару қызметкерлері «Құрмет» орденін иеленсе, бірқатары «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Тағы бірталай қызметкерге ведомстволық награда берілді. Бұдан бөлек, Түркияда апат зардабын жоюға қатысқандардың әрқайсы Мемлекет басшысының алғыс хатын алды.