Құқық қорғау органдарында қызмет ететін қыз-келіншек қатары арта түскен

Қазір қай салада болмасын қыз-келіншек аз емес.

Құқық қорғау орындарында да ерлермен иық тіресіп, қызмет істеп жүр. 

Бір ғана прокуратура органдарында 1075 әйел бар екен. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 22 пайызы.

Бүгінгі қоғамда еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа да білекті сыбана кірісетін, сонысына қарамастан бала-шағаның да бабын тауып, отбасының ұйытқысы бола білетін нәзік жандар аз емес. Заты әйел, жаны нәзік болғанымен, мойнына ауыр жүк артылған әйелдердің бірі – Аида Әнуар. Өмірінің 27 жылын Прокуратура органдарына арнаған. Ол прокуратурада әлеуметтік экономикалық салада, тергеуде, сот істерін қадағалау, норма шығармашылық салаларында тер төкті. Қазір, кадр қызметінде еңбек етіп жүр. Қызметте шенді «Аға әділет кеңесшісі» болғанымен отбасында ана.  Тұрмыс пен қызметтің жауапкершілігін қатар алып жүрген ару ана төрт бала тәрбиелеп отыр.

Аида Әнуар, ҚР Бас прокуратурасы кадрларды дамыту департаменті бастығының орынбасары:

- Менің жолдасым ол да құқық органдарының қызметкері, сондықтан құқық органдарында жұмыс жасаудың қиындығы мен қызығын екеуміз қатар бірге атқарып келеміз. Жұмыстан кешіккенімді, кейде жұмыстың көп болатының, телефонға жауап бере алмайтынымды жолдасым жақсы түсінеді. Сол кісінің арқасы менің осылай жұмыс жасап, қызмет жасап, осы деңгейге көтеріліп жүргенім.

Табиғатынан нәзік болғанымен кейіпкеріміздің қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді.  Ал ол жұмысын  қалтқысыз атқарды. Еңбегі еленіп, прокуратура органдарының құрметті қызметкері және “Ерен еңбегі үшін” медалін кеудесіне қадады.

Аида Әнуар, ҚР Бас прокуратурасы кадрларды дамыту департаменті бастығының орынбасары:

- Бізге құқық қорғау органдарының қызметкеріне, автомат алып алыс шепке шығып жатпасақ та заңдылықты нығайту жолында, адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.  Сол еңбегіміздің жемісі ҚР Президенті атынан жауынгерлік ерлік үшін медалі және Құрмет орденімен наградтталдым. Қазақ айтады, батырлық білекте емес жүректе, тек қана шайқасқа қатысу емес, әр кім өз міндетін дұрыс атқарып, өз алдына қойған мақсатты орындап, қолынан келгенін аянбай барлық күш жігерін істеп отырған қызметіне арнап жұмыс жасаса, сол еңбегіннің еленгені мемлекет басшысынан берілген марапаттар шығар деп есептеймін.

Бүгінде қос иығына погон тағып, әділет саласында ерлермен бірдей еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатары арта түскен. Нардың жүгіндей жауапкершілік арқалап жүрсе де олар отбасында әйел екенін ұмытқан емес. Бұны біз бүгінгі кейіпкерлеріміздің сөзінен аңғардық.

Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов