Қарағанды облысының аруы өмірін энергетика саласына арнаған

Еліміздің энергетика саласында да ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген арулар аз емес.

Солардың бірі де бірегейі Елена Полёткина Теміртаудағы нөмірі екінші жылу электр орталығында ауысым басшысы болып жұмыс істеп жүр. Тәжірибелі маман осы салада жиған мол тәжірибесін аймақ тұрғындарының қолайлы тұрмысын қамтамасыз етуге арнап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еленаның ата-анасы да энергетика саласында еңбек етіпті. Әкесі әлі күнге Теміртаудағы жылу электр орталығының зертханасында мол тәжірибесімен бөлісіп жүр. Кейіпкеріміз де политехникалық колледжді тәмамдаған соң осында жұмысқа тұрған. Содан бері де 15 жыл өтіпті. 

Елена Полёткина, Теміртау жылу электр орталығының ауысым басшысы:

- Мені мұндағылар ыстық ықыласпен қарсы алды. Суды химиялық жолмен тазартатын аппаратпен жұмыс істедім. Басында бұл кәсіпті өмірі меңгере алмаспын деп ойладым. Бірақ аға буын әріптестердің қолдауымен бәрі орнына келе бастады. Оқытты, тоқытты, бар білгенімен бөлісті. Қазір өзім де кейінгі жастарды үйретіп жүрмін.    

Елена қазір суды химиялық жолмен тазартатын 104-ші жасаққа басшылық етеді. Бұл жауапты міндетті ойдағыдай атқару оңай іс емес. Әр қызметкерден жауапкершілік талап ету аз. Олардың тиімді әрі нәтижелі жұмыс істеуіне бағыт-бағдар беріп, қолайлы жағдай жасауың керек ,- дейді өзі.  

Елена Полёткина, Теміртау жылу электр орталығының ауысым басшысы:

- Ең бастысы техникалық қауіпсіздік талаптарына баса назар аудару керек. Өйткені бұл жерде өндірістік жарақат алу қаупі өте жоғары. Сондықтан жұмысшыларға қауіпсіздікпен қоса өндірістік процестерді де үйретіп отырамыз. Сол арқылы келеңсіз жәйттердің алдын аламыз. 

Осындай қиындықтарға қарамастан Елена өзіне жүктелген міндетті асқан жауапкершілікпен атқаруға тырысады. Әр ауысымға түсер сәтте алдыма бір ғана мақсат қоямын. Ол қала тұрғындарының жарық пен жылудан тарықпауы ғана, - дейді еңбекқор жан. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Елдар Аюпов.