Оралда ауызсу жеткізу тоқтады

Оралда күннің күрт жылынып, көп мөлшерде қар суы жиналуы салдарынан ауызсу жеткізу тоқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіршілік нәрімен қамтуға жауапты кәсіпорын мамандарының айтуынша, қалада қарғын суды ағызып жіберетін арнайы кәріз жүйесі жоқ. Ал тоқтаусыз еріген су ылғи осы кәріз құбырларымен аға бастайды. Сол себепті кәріз желілеріне түсетін салмақты азайтуға тура келген.

Қалада 7 мектеп пен бірқатар үйдің ауласына және әлеуметтік нысандардың аумағына су жайылған. Қазіргі уақытта қаладағы барлық күш пен құралдар жағдайды реттеуге жұмылдырылды. Су тасқыны кезеңіне байланысты жедел желі іске қосылды.

Қайырғали Имашев, қаланы сумен қамту кәсіпорны бас директорының кеңесшісі:

- Еріген қар суының бәрі кәріз жүйелерін толтырып жатыр. Мұндай жағдайда сорғы станциялары өз жұмысын толық көлемде атқара алмады. Сондықтан бұл қадамға амалсыз бардық. Суды тек кестемен беріп жатырмыз. Яғни, таңертең, түсте және кеште тек 2 сағатқа ғана қосып отырмыз. Бірақ қазір жағдай тұрақталып келеді. Кәріз коллекторларында судың деңгейі төмендеп жатыр. Ертеңнен бастап суды тоқтаусыз береміз деп сендіремін.