Петропавлдық жас аниматорлар балаларға арналған мультфильм жасап шығарды

Петропавлдық жас аниматорлар кішкентай бүлдіршіндерге арнап кезекті мультсериал жасап шығарды. «Ботай құпиялары» деп аталатын картина 10 бөлімнен тұрады. Онда еліміздің тарихы заманауи үлгіде көрсетіп, баяндалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кішкентай балаларға арналған бұл мультсериалды петропавлдық жас аниматорлар жасап шығарды. Шытырман оқиғаға толы картинаны авторлар «Ботай құпиялары» деп атаған. Себебі Солтүстік Қазақстан облысы – асауға жүген салынған аймақ.

Ярослав Бережной, сценарий авторы:

- Алғашқы сериясын біз 3 жыл жаздық. Қалғанына тек 1,5 айдай уақыт кетті. Бұл картинада біз ел тарихын заманауи үлгіде жеткізуге тырыстық. Түрлі  қызықты оқиғаларға толы. Мультфильм балаларға ғана емес, үлкендерге де ұнайды деген ойдамыз.

Аталған картина 10 бөлімнен тұрады. Оның әрқайсысы шамамен 10-15 минуттан. Анимациялық туындыны жасауға 10 шақты адам жұмылдырылды. Солардың бірі – Евгений Зиновьев. Өзі тіс маманы болса да, қазір – мультипликатор.

Евгений Зиновьев, мультипликатор:

- Елімізде кішкентай балаларға арналған, әсіресе қазақ тілінде контент жоқ десе де болады. Сондықтан осы бағытты дамытуды жоспарлап отырмыз. Сапалы дүние жасау біздің де қолымыздан келетінін дәлелдегіміз келеді. 

«Ботай құпиялары» талантты жастардың алғашқы туындысы емес. Олар осыған дейін де бірнеше қысқаметражды мультфильмдер жасап шығарған.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.