Қарағанды облысында 102 жастағы кейуана тұрады

Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Құлайғыр ауылында тұратын 102 жастағы Сәбилә Орманбаева бірде-бір рет ауруханаға жатып көрмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әжеміз әлі де тың. Көрпе тігіп, нан илейді. Тіпті ауланың қарын да өзі күрейді екен. Тынымсыз еңбек етіп, үнемі қозғалыста жүрсең, денсаулығың да жақсы болады, - дейді кейуана.

102 жасқа толған Сәбилә Орманбаева әжеміздің есту қабілеті аздап нашарлағанмен, көзі жақсы көреді. Әлі күнге ұршық иіріп, шөберелеріне шұлық тоқиды. Күнделікті ермегі сол. Тіпті инені де өзі сабақтап, көзәйнексіз көрпе тігеді. Кейуана осы күнге дейін ауруханаға жатып көрмепті, бірде-бір рет екпе алмаған.

Сәбилә Орманбаева, Құлайғыр ауылының тұрғыны:

- Ауырғаным жоқ. Сол 35 жыл жұмыс істегенде 1 күн ауруханаға барып, екпе алғаным жоқ. Тексеріс жасайды, ауруы жоқ, іші таза дейді. Бітті. Екпеден қорқамын. Ал дәріні ішемін, жаныма батқан кезде қазір ішемін.

Сәбилә Орманбаева әжеміз еңбекке ерте араласып, қара жұмыстың қазанында қайнаған. Небәрі 17 жасында суыншы болып, кейін құрылыста істейді. 9 баламен жесір қалып, барлығын жеткізген. 35 жыл абыройлы еңбек етіп, зейнетке шығады. Осы уақытқа дейін тың жүрсем сол тынымсыз тірліктің арқасы, - дейді кейуана.

Анна Вимова, Құлайғыр ауылының тұрғыны:

- Менің осы ауылда тұрғаныма 60 жылға жуықтады. Содан бері көршіміз. Ол – кісі өте ширақ адам. Үнемі қозғалыста. Өмір бойы қара жұмыс істеді. Қазір де қарап жатпайды. Сиырды өзі сауады. Бұзауларды суарып жүреді. Тіпті жазда малды өріске де өзі айдайды.

Әжеміз тіпті ауладағы қарды да өзі күрейді. Аязды күндері жеңіл киініп жүргенді ұнатады екен. Әдемі қартаюдың бір сыры осында, - дейді. Қазір Сәбилә Орманбаева 9 баласынан 25 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Енді шөпшектің қолынан су ішсем деген арманы бар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар.