Талдықорғанда мембағдарлама бойынша тұрғын үйлер бой көтереді

Жетісу облысында биыл 320 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Оның басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынады. Баспаналардың көбі облыс орталығы Талдықорғанда бой көтереді. Панфилов ауданында да үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 

Қала басшылығының мәлімдеуінше, Жаркентте 15 жылдан астам уақыт бойы көпқабатты тұрғын үйлер салынбаған. Мына екі бес қабатты үй тұрғызылып жатқан жерде болашақта жаңа ықшам аудан пайда болады.

Айдар Исаев, Жаркент қаласының әкімі:

- Биылғы жылы 196 га. жер үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Оның ішінде әлеуметтік нысандар салынады. Ол жерлерге коммерциялық нысандар, басқа да тұрғын үйлер салынады.

Шекаралас аймақтағы құрылыс қарқынын арттыру қазіргі кездегі ең маңызды басымдықтардың бірі. «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы орталығының қайта ашылуы мен құрғақ порттағы өндірістік желілерді барынша кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Демек, баспана қажеттілігі туындайды. Панфилов ауданында бүгінде 4 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр.   

Төлеухан Керімбеков, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

- 6 көп пәтерлі үй берілейін деп жатыр биылғы жылға. Апрель, май айларында береміз. Пенжім ауылдық округінде 4 үйіміз дайын. Енді екі үй 80 пәтерден 160 пәтер ол да, міне, құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Сол 400-дей пәтерді. Кезекте тұрған азаматтарға береміз.

Жаркенттің шығыс бөлігінен жеке тұрғын үй құрылысына арналған 226 жер телімі бөлінеді. Қазір оның құжаттары әзірленіп жатыр. Жетісу облысында биыл жалпы аумағы 320 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі. Бұл мақсатқа қазынадан 8 млрд. теңгеден астам қаржы қаралған. 

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев