Қазақстандық компанияларға 3200 кибершабуыл жасалды

Жыл басынан бері қазақстандық компанияларға 3200-ге жуық кибершабуыл жасалды.

Ұлттық Компьютерлік инциденттерге әрекет ету орталығы осындай ақпарат таратты. Шабуылдардың салдарынан желіге азаматтардың жеке мәліметтері кетіп жатыр.

Киберқауіпсіздік саласындағы мамандардың айтуынша, қылмыскерлер жұртты алдап, қаражатын тартып алудың түрлі тәсілін ойлап тауып жатыр. Сол себепті телефон арқылы жеке мәліметтер жайында сұрақтарға жауап бермеу қажеттілігін ескертеді.

Олжас Сәтиев, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті:

- Алаяқтар желіге кетіп қалатын ақпаратты қолдана алады. Олардың қолдарына қазақстандықтардың аты-жөндері, банк карталарының нөмірлері түседі. Кейін алаяқтар азаматтарға хабарласып, өзін қандай да бір банк немесе басқа да ұйымның өкілі ретінде таныстырады. Жұрт оларға сеніп қалып, өзінің жеке мәліметтерін айтып қояды.

Біз күнделікті қолданатын ұялы телефондар тек байланыс құралы ғана емес. Құрылғыда оның иесі жайлы жеке мәлімет көп. Сол себепті мамандар телефонға қандай да бір қосымша орнатпас бұрын, оның қауіпсіздігін тексеріп алуға кеңес береді. 2 сатылы тіркеуден өткен жөн. Қоғамдық орындардағы вай-фай желісін қолданғанда міндетті түрде ВИПИЭН қосып алу қажет. Қызметтің бұл түрі ұялы телефоннан жеке мәліметтерді ұрлауға тосқауыл қояды.

Евгений Питолин, киберқауіпсіздік саласының маманы:

- Қоғамдық вай фай арқылы телефоныңыздан  жаңалықтар оқуға болады. Әлеуметтік желілерге де кіруге рұқсат. Бірақ алдымен Випиэн сервисн қосып алыңыз. Басқа операцияларды орындау үшін қоғамдық интернетті қолданбаңыз. Әсіресе, ол ашық, яғни ешбір құпиясөзсіз кіретін желі болса, онда мұқият болған абзал. Мәселен, Егов сынды порталдарға, жеке кабинетке кірмеңіздер. Кибералаяақтар міндетті түрде сіздің жеке мәліметтеріңізді ұрлауға тырысады.

Интернет банкинг қызметін қолданғанда да сақ болған жөн. Мәселен, қазір түрлі байқауға қатысамын деп, белгісіз сайттарға өзінің есепшоты жайлы ақпаратты еш ойланбасан енгізетін тұтынушылар аз емес. Кейін мұндай әрекеттер сол шоттағы ақшаның жоғалуына әкеп соқтыратын жағдайларға күнде куә болып жатырмыз.

Авторлары: Дариға Ташенова, Виктор Полянный, Бақберген Панат