Маңғыстау облысына «Қазақконцерт» ұжымы гастролдік сапармен барды

«Қазақконцерт» ұжымы Маңғыстау облысына гастролдік сапармен барды.

Отпан тауда өткен концертте «Заман» және «Арнау» күйлері аймақта алғаш рет орындалды. Саз өнерінің батыс өңірлік мектебі өнерпаздары орындаған таңдаулы шығармалар да көрермен қошаметіне бөленді. Роза Бағланова атындағы мемлекеттік концерттік ұйым шалғай өңірде 1 апта болып, елдімекендерді аралайды. Айта кету керек, еліміздің басты концерт  ұйымының әртістері «Ел бірлігі - жаңа Қазақстан» жобасы  аясында 2 жылда 20 облыс орталығы, 28 аудан, 29 моноқала тұрғындарына ұжымдық концерт бермек. Бұл жоба мемлекет басшысының моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмасына сәйкес былтыр басталған болатын.

Серік Нұрболдаев, Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МКҰ директорының орынбасары:

- «Қазақконцерттің» 60 жылдан астам тарихы бар. Бұрын өнер саңлақтарымыз осындай ауыл-аймақтарды аралап, концерт беретін болған. Сол үрдісті жалғастыра отырып, осындай концерттерді қоюды жөн көрдік. 2022 жыл біз жаңадан ашылған 3 облысқа барған болатынбыз. Осы жылы батыс Қазақстанды толықтай қамтығымыз келіп отыр. Бастамасы осы Маңғыстау облысында басталды.