23 наурыз – Рамазан айының бірінші күні

Биыл Рамазан айының бірінші күні 23 наурызға тура келеді. 30 күн ораза. Ал сәуір айының 17-інен 18-не қараған түн – Қасиетті Қадір түні. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы айтты.

Оразаның басталатын күні – Орталық Азия елдерінің муфтилері және ғалымдармен кеңесіп шешілген. Сондай-ақ пітір садақаның құны жан басына 535 теңге болып бекітілді.

Бас мүфти еліміздегі кәсіпкерлерге үндеу жолдап, азық-түлік бағасын қымбаттатпауды ұсынды.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10%-ке дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін. «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті Рамазан айында бірнеше қайырымдылық жобаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны». «Рамазан тәбірек» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырады.