Оралда полиция қызметкері кәсіпкерлері негізсіз жауапқа тартқан

Оралда полиция бөлімшесінің қызметкері 3 кәсіпкерді әкімшілік жауапқа заңсыз тартқан. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет маманы мәлімдеді.

Оның айтуынша, бизнес өкілдері өздерінің жауапқа тартылғанын үшінші тараптан естіген көрінеді. Өйткені полиция қызметкері әкімшілік хаттаманы сырттай толтырып жіберген. Құжатта кәсіпкерлердің белгіленбеген жерде сауда жасағаны көрсетілген. Алайда олардың кәсібінің сауда-саттыққа қатысы жоқ болып шықты. Келіп түскен арыз-шағым негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары мән-жайды анықтап, тәртіп сақшысының әрекеті заңсыз екенін дәлелдеген.

Ерлан Досаев, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының орынбасары:

- Біздің ұсынысымызбен ҚР ӘҚБтК 204-бабы, 1-бөлігі бойынша толтырылған әкімшілік-құқықбұзушылық туралы хаттаманың күші жойылды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексі 416-бабы, 2-бөлігі бойынша полиция қызметкеріне қатысты дәлелдемелерді бұрмалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.