Атырауда су тасқынына қарсы әуеден бақылау жасалды

Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы су басуы мүмкін ауылдарға әуеден барлау жүргізілді.

Күннің күрт жылынуына байланысты аудандағы Ойыл, Сағыз және Ноғайты өзендері жылдағыдан ерте тасып, жағадағы ауылдарға қауіп төндіре бастаған еді. Бүгінде Миялы және Жангелдин ауылдарының көшелерінен 36 мың текше метр еріген қар суы сорылған. Ал Сағыз ауылының ортасымен өтетін Ноғайты өзенінің жағалауына 7 мың қапшық  құм,  800 тонна топырақ төселді. Дегенмен, қауіп әлі сейілген жоқ. Осыған орай төтенше жағдайлар департаменті аудандағы су шайып кету қаупі бар аймақтарға әуеден шолу жасады. Миялы, Сағыз ауылдарымен бірге Ойыл өзені бастау алатын Ақтөбе облысындағы су басу қаупі бар аймақтар да қамтылды.

Жантөре Демешов, облыстық ТЖД бөлім басшысы:

- Судың көп мөлшерде келуі байқалуда. Алайда судың Қызылқоға ауданы аумағынан өтуі бірқалыпты. Себебі өзендер өзінің арнасымен өтіп жатыр. Сағыз Ноғайты өзендерінің де жоғарғы бастаулары да қаралды. Ол жерлерде де Ақтөбе облысының аумағында су көп екені байқалды. Алайда қазіргі уақытта  Қызылқоға ауданында Сағыз ауылының тұстарында Ноғайты  өзені өз арнасымен өтіп жатыр.