Түркістандағы «Этноауыл» кешенінде мерекелік іс-шара өтті

Түркістандағы "Этноауыл" кешенінде «Наурыз  - татулықтың түпқазығы» атты мерекелік іс-шара өтті.

Оған этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Ұлттық ойындар мерекенің көрігін қыздырды.

Бүгін кесене маңындағы этноауыл кешенінде ұлан-асыр той болды. Түркістан өңірін ғасырлар бойы мекен деген өзге ұлт өкілдері ұлыстың ұлы күнін атап өтуге жиналды. Түрлі этно-мәдени бірлестіктер өздерінің ұлттық киімдерімен мерекенің сәнін ашты. Өнерлерін ортаға салып, Түркістан аспанын әнге бөледі. Қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарын жұртшылыққа таныстырып, көрмеге шығарды.

Рамила Мұстафаева, қала тұрғыны:

- Бізде әзірбайжан халқында өте көп тамақтар бар. Әсіресе, біздің Долма, оның 25 түрі бар. Және біздің Кебабтар. Дастарханның ең басты символы, әдемі - Шах пловы. Одан кейін Сәмани бар, бұл әзірбайжан халқында наурыздың нышаны.

Наурыз мерекесін тек Түркістан облысының тұрғындары ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен келген меймандар да тамашалады. Оңтүстіктің жаймашуақ табиғатына тәнті болып, алған әсерлерімен бөлісті.

Бизат Құттыбекқызы, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Наурыз тойы болып жатыр екен. Біз соның үстіне түстік. Бәрі өте керемет, жақсы болып жатыр.

Биыл Түркістан өңірінде ұлыстың ұлы күні он күн бойы тойланады. Ал наурызды осында қарсы алу ел тұрғындары үшін дәстүрге айналып келеді. Енді оған шетелдік туристердің де қызығушылығы артып отыр.

Емине Сали, Болгария Республикасының азаматы:

- Менің Қазақстанға, оның ішінде Түркістан қаласына алғаш рет келуім. Наурыз мерекесі өте әдемі өтуде. Түрлі ұлттың мәдениетімен танысып, тағамдарынан дәм таттым. Әсіресе, наурыз көже қатты ұнады.

Сондай-ақ мереке аясында асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындарымыз көпшілік назарына ұсынылды. Ал ақ жаулықты әжелеріміз тұсау кесу, бесікке салу, жүн түту сияқты ұлттық салт-дәстүрімізді жас ұрпақтың санасында қайта жаңғыртты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов