Жұмыс іздеушілерден ChatGPT-ді меңгеруі талап етіле бастады

Алдағы 5-10 жылда еңбек нарығындағы ахуал біраз өзгереді. Бүгінде түрлі чат-боттар адамның виртуалды кеңесшісіне айналғаны рас. Тіпті олар кейбір мамандықтардың орнын басуы мүмкін деген болжам бар. Қазірдің өзінде қазақстандық жұмыс берушілердің көзіне түсу үшін трендке айналған ChatGPT ботын меңгеру қажет. Танымал бос жұмыс орындары сайтындағы талап – осы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нейрожеліні сенімді серігіне айналдырғандардың бірі – Алёна Горбачёва. Білікті медиаменеджер трендтен қалмай, чат-ботты әбден меңгерген.

Алёна Горбачёва, медиаменеджер:

- Бұл чат менің кеңесшіме айналды. Оқу оқысам да, жұмыс барысында да күрделі сұрақтарды жазып, жауап алмасатын кездер көп. Тіпті тілдік емтиханға осы чат ботпен дайындалдым. Эссе жазуда кәдімгідей ой салып, көмектесті. Яғни, жазғанымды чатқа салып, бағалауын сұрадым. Ол менің кемшін тұсымды толықтырып, қайта жазып шығуыма түрткі болды. Нәтижесінде емтиханнан жоғары ұпай жинадым. Бір қызығы, ол көрсеткен қателікті қайталасам, ескертетін. Есіне сақтап алған ғой. Құдды шын мұғалім сияқты.

Чат-боттың кейде қиялға ерік беретіні бар екен. Алёна оған да куә болды. Ол ірі компаниялардың бренд-стори теллиңін сұраған, чат дереу жауап берді. Бірақ кәсіпорынның сайтында ондай ақпарат болмай шыққан. Мұның себебін сұрағанда жасанды интеллект бәрін ойдан құрап алғанын мойындаған.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- ChatGPT-ді аз уақытта 100 млн-нан аса қолданушы пайдаланған. Бұл рекорд. Бірақ жасанды интеллек адам емес қой. Сыни тұрғыда ойлау мен ақпаратты тексеру дағдысын естен шығармаңыз. Сондықтан терең сараптауды қажет ететін, күрделі тақырыпта онымен сырласуға ертерек. Бір ескерерлігі, ChatGPT бірнеше тілді меңгерген. Алайда дәл ағылшын тіліндегі нұсқасы сенімдірек, - дейді мамандар.

Иә, бұл нейрожелінің іске қосылғанына көп болған жоқ. Әлі де жетілдіріліп жатыр. Дегенмен қазірдің өзінде елімізде айти және маркетинг салаларындағы бос жұмыс орындарына үміткерлерден ChatGPT-ді меңгеруі талап етіле бастады.

Рахима Махмудова, PR-менеджер:

- Мұндай талаптар негізінен маркетинг менеджері, СММ менеджері, бағдарламалаушылар сияқты мамандықтарда бар. Яғни, күнделікті нейрондық желімен жұмыс істейтін мамандар. Біздің болжамымызша, жұмыс берушілердің қызығушылығы арта береді. Бірақ оны толық қолданысқа енгізуге 5 жылдай уақыт керек. Себебі желі енді ғана қанат қағып жатыр. Оны толық зерттеп, меңгеру 1-2 жылдың жұмысы емес.

Ал айти мамандарының пайымынша, чат-ботты белсенді қолданатын қазақстандықтар көбейе береді. Бірақ жасанды интеллект елдегі мамандық иелерін алмастыра алмауы мүмкін.

Олжас Сатиев, Кибершабуылдарды сараптау және зерттеу орталығының президенті:

- Бізде мұндай тренд енді ғана қалыптасып жатыр ғой. Оны да кең көлемде пайдаланырымыз анық. Біздің айти мамандарымыз оның қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндігі мол. Бірақ бізде чаттың өзінен гөрі call-орталықтардың жұмысын жетілдіру тиімді. Себебі, анау айтқандай, ірі-ірі тапсырыс түсетін кәсіпорындар аз. Мұндайда байланыс орталығында отыратын 2-3 адамды жалдай салу тиімдірек. Ал айына жүздеген миллион тапсырыс түсетін Амазон сияқты компанияларға чатты енгізу  қызметкерлер санын кем дегенде 20-30%-ке қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл қыруар қаржыны үнемдеуге жол ашады.

Заманауи чат бот әзірге барлық мемлекетте қолжетімді емес. Соған қарамастан жетілдірілген нұсқасы шығып үлгерді. Ол мәтінмен жұмыс істеп қоймай, суреттерді де өңдей алады. Қалай дегенмен әзірге жасанды интеллектің адамға бәсеке болуы екіталай. Әдемі нейрожелі әлемінің әлегі де барын білдік. Бірақ оның мүмкіндігін ақылмен пайдаланғануға болады, - дейді мамандар.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт.