Табиғи монополияларды реттеу департаментінің ықпалымен Қостанайда жылу тарифі арзандайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өзгеріс тек Береке шағын ауданын қамтиды. Мұндағы 11 көпқабатты үйдің жылу ақысы қайта есептеледі. Сөйтіп, 2 мыңдай абоненттің 9,5 млн теңгесі өтеледі.
Мамандар тексеріс кезінде жылу беру ұйымының 2 жыл бойы негізсіз пайдаға кенелгенін анықтады. Тұрғындар үшін жаңа тариф сәуір айынан бастап күшіне енеді. Ол 1 жылға дейін белгіленді.
Назым Бақытжанқызы, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бас маманы:
- Табиғи монополияларды реттеу департаменті Береке шағын ауданы тұтынушылары үшін жылумен жабдықтау қызметіне уақытша өтемдік тариф енгізіп, негізсіз алынған табысты қайтару шарасын қабылдады. Бұрынғы тариф 3 744 теңге 71 тиын г/кал құраса, жаңа тариф 3 311 теңге г/кал құрайтын болады.
