Жетісу облысын дамытуда бірнеше салаға басымдық беріледі

Жетісу облысын дамыту барысында ауыл шаруашылығы мен туризм саласына, өңірге инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін өркендету, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне айрықша басымдық беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл бағытта ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Облыс бюджетінің 20%-і ауыл шаруашылығы саласындағы түсімдерден құралады. Сондықтан шыбық шаншысаң, жайқалып өсіп, тал болған Жетісу жерінде қант қызылшасы алқаптарын ұлғайтуға, одан жиналған шикізатты жергілікті зауыттарда өңдеп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге үлкен мән беріледі.

Мемлекет басшысы жаңа облыстарды құру туралы шешім қабылдағанда жергілікті халық Жетісу өңірінің болашағына қатты алаңдаған еді. Өйткені бюджеттік түсімдердің басым бөлігін беретін Іле, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары Алматы облысының аумағында қалып қойды. Ал Жетісуға кілең өндіріс ошақтары аз, тіпті, кейбірінде бірде-бір зауыт-фабрикасы жоқ дотациялық аудандар өтті. Тұрғындар мұндай жағдайда, ең алдымен, егін, мал шаруашылығын өркендетіп, қызылша алқаптарын барынша ұлғайту керектігін айтты. Өйткені елімізде 4 қант зауыты болса, соның екеуі Жетісу облысында орналасқан.

Жомарт Әмірханов, Жетісу облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берген, осы мемлекетімізді өзіміздің қантпен қамту бойынша. Қазір енді бізде өткен жылы 4,2 мың гектар жерде қант қызылшасы өсірілсе, биыл оны 8,1 мың гактарға, яғни екі есеге дейін өсіру көзделіп отыр. Болашақта 2025 жылға дейін біз 15 мың гектарға дейін жеткіземіз деп ойлап отырмыз.

Жетісу өңіріндегі қант зауыттары қызылша мен қант құрағын өңдеу арқылы өткен жылы 70 мың тонна қант өндірді. Ал биыл Көксу және Ақсу қант зауыттары бұл көрсеткішті 132 мың тоннаға жеткізеді деп жоспарланып отыр. Оның 34 мың тоннасы жергілікті шаруалар өсірген тәтті түбірден алынса, қалғаны қант құрағынан өндіріледі. Жетісу облысында 2022 жылы 30 млрд теңгенің 19 өнеркәсіп жобасы іске асырылды. Соның бірі – Қаратал ауданындағы жоғары маркалы кремний өндіретін зауыт.

Жомарт Әмірханов, Жетісу облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Ол жерде 6 мың тоннаға дейін өнім өндіріледі. Жаңадан 200 орындық жаңа жұмыс орны құрылды. Одан бөлек, мынау Текелі қаласында инновациялық түрде темірді тікелей қалпына келтіру дейді, 20 мың тонна темір өндіретін 100 жаңа жұмыс орнына жаңа зауыт ашылды. Кербұлақ ауданында тау-кен өндірісі саласында жылына 40 млн тонна мыс рудасын өндіретін 900 млрд теңгеге үлкен жоба басталуы тиіс. Ол жерде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Жетісу облысындағы өндіріс көлемі 1,3 проценттік өсіммен 280 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығындағы өсім 2,4% болды. 510 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 295 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірге 270 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Талдықорған қаласының тұрғындары Жетісу облысын дамыту барысында инвестиция тарту, өндірісті өркендету, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамытуға да айрықша басымдық берілуі тиіс деген пікірде.  

- Өндіріс керек, ең бірінші, сосын идеология керек. Бұрын да Талдықорған облысы, Алматы облысы болатын. Онда да дамыған, жақсы болған.

- Туризм, спорт, тағы не айтсам болады? Жалпы, инфраструктураны дамытса. Осы Кеңес үкіметінен қалған ғимараттарды кішкене жаңартса. Талдықорғанның өзі таза қала. Текелі бар қасында. Текеліні дамытса, таулар бар.

Туризм саласына келсек, енді атақты өзіміздің Алакөл, Балқаш, мына жақта мына Жоңғар Алатауы жатыр, мысалы. Көптеген қорықтар бар. Туристерді тартуға болады.

Үшарал әуежайы бүгінде жолаушылармен қатар жүк тасымалдайтын ұшақтарды да қабылдай алады. Қазір бұрынғыдай емес, Алатау баурайындағы алып шаһар Алматыдан шыққан демалушылар «Алматы – Өскемен» тас жолымен Алакөлге 5-6 сағатта жете алады. Айдынды Алакөлдің Жетісу облысына қарасты бөлігінде өткен жылы 1,5 млн-нан астам адам демалды. Мемлекет басшысы өңірге жасаған сапары кезінде Текеліден шаңғы-биатлон орталығын салуды тапсырды. Оған арнайы жер бекітіліп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың екінші жартысында басталады. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизуллина.