Шымкентте этноауыл ашылды. LIVE

Шымкенттіктер Ұлыстың ұлы күнін этноауылда тойлап жатыр. Ұлттық нақыштағы шағын ауыл Наурыз мерекесіне арналып дайындалған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мерей Бает, тілші:

- Ауқымды түрде ұйымдастырылған шараға келушілер де көп. Күн бұлтты болса да, тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі. Биыл Наурыз мерекесіне орай шаһарда бірнеше нысан ашылды. Солардың бірі біз тұрған этноауыл. Мұнда 200-ге жуық киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылды. 2500 литр көже дайындалып, келушілерге үлестіріліп жатыр. Осында келген халықтың пікірін жазып алған едік. Тыңдап көрсек.

- Арнайы демалыс алып, осы бүгінгі күні келдік. Қазақ үйді аралап жүрміз. Жаңа қазақ күресінен жарыс өтіп жатыр. Өте керемет, өте қуаныштымыз. Осындай наурызда күн мен түннің теңесіп, осындай үлкен мереке қарсаңында осылай ұйымдастырылғанына қуанып жатырмыз.

- Біз волонтерлер болып, бәріміз осы ұлттық нақышта киім киюге келіскен болатынбыз. Осы ұлттық киімді мен өзім тіктірттім арнайы және де осы шашбау сырғаларым қолдан жасалған бұйымдар болып табылады.

Мерей Бает, тілші:

- Фестивальде ұлттық нақыштағы көрме қойылып, қолөнерден түрлі шеберлік сағаттары, сондай-ақ ұлттық тағам түрлерін дайындаушылар арасында сайыс, сонымен қатар күрес, асық ату, тазы жарыстыру, садақ ату сынды ұлттық ойындар өтіп жатыр. Сайыстар 46 номинация бойынша ұйымдастырылып жатыр. Мерекеге еліміздің әр аймағынан ат тізгінін тартқан спортшылар мен балуандар арнайы келген. 126 шетелдік споршының бар екенін атап айтқан жөн. Жалпы, шараға 20 мыңға жуық халық қатысады деп күтіліп отыр. Айта кетейік, Шымкенттегі Наурыз мерекесі 3 күнге жоспарланған.