Қостанай облысында қардың көбесі сөгілді

Қостанай облысының оңтүстік өңірінде қардың көбесі сөгіліп, су жүре бастады.

Ал солтүстік аумақ әлі қатып жатыр. Арқалық маңындағы Сарыторғай, Жанкелдин ауданындағы Торғай, Сарыөзен, Қабырға және Амангелді аумағындағы Жалдама мен Қараторғай өзендері мұздан тазарған. Әзірге тек Сарыторғайдың арнасынан асып, тасу қаупі бар. Бұл көршілес Ұлытаудағы терең жыралар мен жылғалардағы қалың қардың еруіне байланысты, дейді синоптиктер. Жалпы облыста наурыз айының соңында күн күрт жылынады деген болжам бар. Сол себепті өзендердің деңгейі бақыланып, мұз көшкінін қауіпсіз өткізу басты назарда. Қазір құтқарушылар алты аудандағы өзендердің қауіпті он бес аумағында мұз жаруға кірісіп кетті.

Ирина Гриднёва, "Қазгидромет" ҚФ жетекші инженер-гидрологы:

- Қазір оңтүстік өңірлерде күндіз 5 градусқа дейін жылыды. Өзендердегі мұз тәулік сайын 1-2 сантиметрге еріп жатыр. Ал солтүстікте мұз сәуірдің бас кезінде ери бастайды. Өңірдегі жалпы жағдай тұрақты. Тасқыннан қауіп төніп тұрған елді мекендер жоқ.