«Наурыз» пойызы Астана мен Бурабайды байланыстырады

«Наурыз» туристік пойызы Астана мен Бурабайды байланыстырады.

Бүгін елорда вокзалында жаңа вагондар таныстырылды. Бас қала тұрғындары мен қонақтары ерекше жағдайда курорттық аймаққа қатынай алады. Жобаны мәдениет және спорт министрлігінің, "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының және "Бурабай Даму" серіктестігінің қолдауымен "Жолаушылар тасымалы" компаниясы жүзеге асырды. Қорған Қонысбайұлы жалғайды.

Ұлттық тағам, қазақ ән-күйі мен мерекелік безендіру. Елорда тұрғындары мен қонақтары Астанадан Бурабайға ерекше жағдайда қатынай алады. Вагон ішін суретшілер мен қолөнершілер арнайы безендірген. Бұл алғашқы пойыз емес. Былтыр желтоқсанда мына вагондар жаңа жылдық нақышта осы бағытта жүрген еді. Енді «Наурыз» нақышында қатынайды. 

Сергей Балашов, "Жолаушылар тасымалы" АҚ "Қала маңындағы тасымалдар" АҚ филиалы директорының м. а.:

- Жаңа жыл қарсаңында біз жолаушыларды Бурабайдағы Сантаға апардық.  Бұл жолы курортты аймаққа Наурызды тойлап бара алады. Ал, жазға қарай вагондар туризмді насихаттау мақсатында тағы безендіріледі.

Пойыз күн сайын бір ай бойы жүреді. Жолаушыларға Бурабайға бір күндік тур қолжетімді. Оған курорт бойынша трансфер, 3 рет тамақтану, Бурабайда саяхат және өзге де ойын-сауық кіреді.

Дастан Рыспеков, ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

- Демалыс күндері турға баратындар үшін қызықты болады. Сонымен қатар, «Бурабай Дамумен» бірлесіп саяхаттар ұйымдастырылады. Бір күндік турдың бағасы ересектер үшін 12 мың теңге, балаларға 10 мың.  Бұл кәсіпкерлер мен туристік компанияларға серпін береді.

22 наурызда мерекелік турға билеттер сатып алғандарды концерттік бағдарлама, ойындар, ұлттық тағамдар мен ұтыс күтіп тұр.