Павлодар облысына көшіп келген қандастар Ұлыс күнін атап өтті

Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастар алғаш рет атажұртқа 1991 жылы табан тіреді.

Содан  бері  Павлодар облысы  8 мың отбасын қабылдапты. Моңғолия, Өзбекстан және Ресей елдерінен 30 мыңнан аса  адам  келген. Соңғы бірнеше жылда өңірге Қытай мен Түркіменстаннан қазақтар қоныс аударып  жатыр.  Павлодар облысының Успен ауданына келген ағайындар  Наурыз мерекесін атап өтті. 

Алғаш болып  елімізге Моңғолияның  этникалық қазақтары табан тіреді. Сол ұлы көш бүгінге дейін  жалғасуда. Айнұр Әбіш Успен ауданына Қытайдан көшіп келген. Ол жақта тұрғанда  саяхатшыларға   қазақтың салт-дәсүтерлерін таныстыруды кәсіп еткен екен.  Шебер киіз үйдің  барлық жабдықтарын өз қолымен жасайды.  

Айнұр Әбіш, ауыл тұрғыны:

- Мына түс киіз, төр көрпе, ана шынтақ жастық, мына сырмақтар бәрін өзіміз тігеміз. Осы салт-сананы ұмытып кетпесін деп, ұрпақтарға жалғассын дейміз.

Қытайдан қоныс аударған  ағайындардың көбі Успен ауданына шоғырланған. Наурыз мерекесін сән-салтанатымен тойлап жатыр. Ұлыстың Ұлы күні ұлттық ойындардан түрлі жарыстар өтті. Жиналған жұрт аударыспақ, теңге алу, арқан тарту, көкпар мен қыз қууды тамашалады. 

Айсұлу Бақдәулетқызы, ауыл тұрғыны:

- Кішкентайымнан атқа мініп өскем, Қытайда екі рет қыз қуарға түскем. Ол кезде жеңіске жеттім. Мінген атым жақсы болды. Атқа да байланысты, қызға да байланысты енді. Қазіргі атым жақсы бірақ жер тар болды.

Биыл Павлодар облысы  200  отбасын қабылдайды. Шамамен  932 адамға квота бөлінген. Ол шетелден көшіп келетін этникалық қазақтарға беріледі. Ағымдағы жылы  көші-қон бағдарламасына жаңа механизм енгізіліпті. Осының арқасында азаматтық алу ережесі жеңілдеген. 

Нұрдан Әшімов, көші-қон басқармасының бас маманы:

- Сол жаңа механизм бойынша олар  Қазақстанға келмей  қандас куәлігі және квотаға кіруге болады. Олар сол тұратын елде елшілікке барып сол жерде құжат тапсырады. Біздің жағымыздан біз сол құжаттарды тексеріп, жауап жібереміз. Егер бәрі дұрыс болса, олар бәрі бізге келгенде онда қандас куәлігі болады және квотаға олар кіреді автоматты түрде.

Бұл көштің басын ата жұртқа бұрған шеттегі  қандастар үшін жағымды жаңалық. Соңғы жылдары Успен ауданынына Қытайдан 118 қандасымыз көшіп келген  еді. Олар ресеймен шекаралас жатқан Қаратай, Ольгин және  Белоусовка ауылдарына қоныстанды. 

Салтанат Әлпейісова, Успен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы:

- Біріншіден біздің көші-қон бағдарламасы аясында келді бұл азаматтарымыздың барлығы. Еңбек бағдарламасының аясында ол кісілер көшіп-қону және тұрғын үй жалдау бойынша субсидияларын алды. Бүгінгі күнде жаңағы ол кісілер кредиттерін алып, гранттарын алып мал өсірумен айналысып жатыр. 

Бір кездері халықтың саны азайып кеткен ауылдарға жан бітті. Баланың аздығынан  жабылуға шақ қалған мектептерге бала толды. Аға буын  мал  мен егін шаруашылығын қолға алса,  жастар жағы түрлі салада еңбек етіп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. 

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков