Ақтөбе маңындағы ауыл Наурыз мерекесін ерекше атап өтті

Ақтөбенің іргесіндегі Құршасай елді мекенінің тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың нағыз үлгісін көрсетті.

Наурыз мейрамына орай ауыл ортасында киіз үйлер тігіп, ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттады. Қариялар батасын берсе, бәйге тігілген ойын түрлеріне ауылдықтар түгел қатысты. 

Ұлыстың ұлы күнін зор ілтипатпен қарсы алуды дәстүрге айналдырған ауылдықтар биылғы мейрамда жеті киіз тіккен. Әрқайсысына мағыналы атау беріп, сыртын ою-өрнекпен ал, ішін асқа толтырған. Ұлттық тағам түрлері: бауырсақ, құрт-ірімшік, қымыз, шұбаттан өзге, еттен жасалған тамақтың кең түрі де дастарханның сәнін келтірді. Ал, боз үйге кірген меймандарға наурыз-көже ұсынылды.  

Ақбөбек Қанбаева, Құршасай ауылының тұрғыны:

- Биылғы жылы ерекше тойлануда біздің Наурыз мерекеміз. Тек жылдан-жылға осылай еліміз аман, жұртымыз тыныш, әр отбасына бақыт, береке әкелсін  деймін.

Жыл басы – Наурызды тойлау бұл ауылда назардан тыс қалған емес. 800-үйі бар елді мекеннің қарты мен баласы бірлесе барша сән-салтанатымен атап өтуге тырысады. Мерекеге дейін киіз үйлер тігіп, ұлттық ойын өткізу ерлердің міндеті болса, қазан асып, тамақ пісіру қыз-келіншектерге жүктеледі. Береке-бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарының бұл жолғы асарына Құршасайдағы екі мектеп мен балабақша ұжымы да ат салысқан. Нәтижесінде, өнерлі балалар мен жастардың ән-күйі және әжелерден құралған ансамбль мерекенің көркін аша түсті.

БЛИЦ:

  1. Жылда кішігірім той болатын еді, қазіргі міне жеті ағаш үй құрылып үлкен той болып жатыр. Алдағы уақытта енді басқа да заттарды қосамыз деп ойлаймыз. Енді халық қазір жақсы ұйымдасып жатыр ғой.
  2. Жаңа жылымыз әр уақытта барлық отбасыларымызға аманшылық әкелсін. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманымыз болсын. Салиқалы ұрпағымыз болсын.

Бұл ауылдағы ағайынның ынтымағы көпке үлгі. Наурызды арқа-жарқа қарсы алған тұрғындар бір-біріне жылы лебіздерін арнап, елді мекеннің жол, көпір секілді ортақ мәселелерінің биыл шешілуін де тіледі. Олардың той-думанын көрген қала басшылығының өкілдері бұл ретте үлкен жоспар барын жеткізді.

Мұрат Жөребеков, Ақтөбе қаласының әкімі:

- Жол проблемалары бар, автобус мәселелері бар. Ауыз су, ауылдарды абаттандыру мәселелері бар. Соның барлығын іске асыру үшін елді мекендерді дамытуға арналған бағдарлама пысықтап жатырмыз.

Жалпылай алғанда, Ақтөбеде наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев